Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Елбасы Түркістандағы бірқатар мәдени-әлеуметтік нысанды аралады

Елбасы Түркістандағы бірқатар мәдени-әлеуметтік нысанды аралады

Елбасы Түркістандағы бірқатар мәдени-әлеуметтік нысанды аралады. Соңғы екі жылдың ішінде Түркістанда 257 ғимарат салынған. Нұрсұлтан Назарбаев қаланың даму қарқынымен танысты. Киелі шаһарды дамытудың 2050 жылға дейінг жоспары дайындалған. Елбасы Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу салтанатына қатысты. Киіз үй пішіндес кешендегі 21 уыққа Жәнібек пен Керейден бастап Кенесары Қасымұлына дейінгі қазақтың 21 ханының есімі жазылған. Ал ортада тұрған 12 метрлік асатаяқтың түбіне төрт тау текенің мүсіні орнатылған. Осы жерде Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салды. Капсуланың ішінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлердің топырағы бар. Жарлық шығып, облыс орталығы мәртебесіне ие болғанға дейін Түркістанда 170 мыңнан астам адам тұрса, бас жоспарда белгіленген межеге сүйенсек, келешекте жергілікті халықтың саны үш есе өседі. 

*****

Түркістан облысына «Hayat-Vax» вакцинасының 17 мың дозасы жеткізілді. Сонымен қатар, мамыр айының соңына дейін «Hayat-Vax» вакцинасының 55 000 және «Спутник-V» вакцинасының 29 305 дозасы күтілуде. Өңірде, сондай-ақ, коронавирусқа қарсы вакцина салдыру пункттерінің саны артты. Бұған дейін облыста 80 медициналық мекемеде инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп келсе, қазірде екпе егу пунктернің саны 102-ге жетті. Қатерлі індетке қарсы вакцинаны өңірде 163 459 адам салдырған. 

*****

Елордада 14-15 мамыр күндері Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры «Бопай ханым» тарихи трагедиясын көрермен назарына ұсынады. Туынды авторы – Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова. Режиссері – Жұлдызбек Жұманбай. «Бопай ханым – Әбілқайырдың жары, қиын күндерде ел тыныштығы мен бірлігі үшін басындағы қайғыны да, ауыртпалық пен алауыздықты да жеңе білген көреген қазақ әйелі. Бопай ханым бейнесін бірінші құрамда театр және кино майталманы Лейло Бекназар-Ханинга мен «Серпер» сыйлығының лауреаты Сая Тоқманғалиева сомдайды. Сондай-ақ, Әбілқайыр хан рөлін Ержан Нұрымбет пен Сырым Қашқабаев ойнайды.

***** 

Бүгін Татарстанда аза тұту күні. Қазан қаласындағы гимназияда болған атыста ресми ақпарат бойынша 9 адам көз жұмып, 21-і жараланған. Марқұмдардың көбі бала. Қазір оқиға болған жерге халық жиылып, гүл қойып кетіп жатыр. Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша мектептегі атысты қаскүнемнің жалғыз өзі ұйымдастырған. Полицейлерге де өз еркімен берілген. Қазір ол тергеу изоляторында. Жантүршігерлік осы оқиғадан кейін президент азаматтық қару айналымы ережелерін күшейтуді тапсырды. Ал қоғам қайраткерлері мұндай оқиғаға қатысқан қаскөйлердің есімдерін жария етпеуді ұсынды. Бұл жасөспірімдердің оларға еліктемеуі үшін қажет дейді олар. Өз кезегінде ресейлік сенаторлар компьютер ойындарына қатысты бақылауды күшейту қажет екенін айтты. Қоғамдық палата болса, әлеуметтік желіде жарияланатын контент үшін жауапкершілікті қатаңдату керек деген пікірде. 

***** 

Колумбияда үкімет пен Ұлттық ереуіл комитеті арасындағы келіссөз еш нәтиже бермеді. Осыған байланысты шерушілер қарсылық акциясын жалғастырады. Себебі билік полицияның шерушілерге күш қолдануын айыптамаған. Ал үкімет келіссөзді жалғастырғысы келеді. Еске сала кетейік, Колумбияда өткен айдың соңынан бері толқулар басылмай тұр. Оған үкіметтің салық реформасы туралы заң жобасы себеп. Осыдан кейін елде жаппай шерулер жүріп, полициямен қақтығыстар болды. 26 адам мерт болып, 900-ге жуық адам жарақат алды.