Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 04.06.2021

Қорытынды жаңалықтар 04.06.2021

Бүгін - Мемлекеттік рәміздер күні. Конституциялық Заң 2007 жылдың 4 маусымында қабылданды. Осы күнге орай қазақстандықтарды бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.

«Бұл – еліміз үшін айрықша маңызды мейрам. Көк байрақ, Елтаңба мен Әнұран әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш ұялатып, отаншылдық рухын асқақтатады. Тәуелсіздіктің қасиетті нышандары ұлтты ұлы істерге ұйыстыра берсін!» деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.

Сонымен қатар, бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде Мемлекеттік рәміздер күніне орай арнайы дөңгелек үстел отырыстары, концерт, акциялар, авто-велошерулер өтіп, көпқабатты үйлердің балкон, терезелеріне Мемлекеттік ту ілінді. Осылайша, ел тұрғындары акцияға үн қосып, бір-біріне деген жүрекжарды тілектерін жеткізді.

*****

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу өткізді. Келіссөз барысында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен арадағы ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды. Тараптар Ауғанстандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастырды. Мемлекет басшысы Ауғанстанға көрсетілетін көмекті жалғастыруға дайын екенін айтты. Бұл ретте, БҰҰ Бас хатшысы аталған үдерісті ілгерілетудегі Орталық Азия мемлекеттерінің, соның ішінде Қазақстанның айрықша рөлін атап өтіп, біздің еліміздің ядролық қаруға қарсы жаһандық мәселені дамытудағы көшбасшылығын жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысын Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай тамыз айында елімізде өткізілетін халықаралық конференцияға шақырды. Сонымен қатар, Президент коронавирусқа қарсы күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде, QazVac отандық вакцинасының әзірлемесі туралы мәлімет беріп, осы жылдың соңына дейін халықтың 55 пайызына екпе салу жоспарын жеткізді. Антониу Гутерриш қазақстандық вакцинаның әзірлемесін және жаппай екпе салу науқанының табысты жүргізіліп жатқанын құптады. Әңгімелесу соңында тараптар ортақ мүддені көздейтін ауқымды мәселелер бойынша жасалатын тығыз байланыстарды жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

*****

Бүгін Әділет министрі Марат Бекетаев халық алдында есеп беру кездесуін өткізді. Оның барысында министр әділет органдарының өткен жылғы атқарған жұмысы туралы айтып, тұрғындар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап берді. Есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша өткізген брифингте Марат Бекетаев саланы цифрландыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

*****

Қазақстанға Үндістаннан келгендер 14 күнге оқшауланады. Еліміздің бас санитар дәрігері тиісті қаулыға өзгеріс енгізді. Құжатта Қазақстанға Үндістаннан келген және соңғы екі апта ішінде сонда болған адамдарды 14 күнге үйде оқшаулау керектігі айтылған. Бұл шектеу ПТР-тестің теріс нәтижесі бар анықтаманың және COVID-19-ға қарсы вакциналаудан өткеніне қарамастан қолданылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасына шетелден әуерейстермен, теміржолмен, транзитпен, теңіз және өзен көлігімен, автокөлікпен келетін адамдарға қатысты іс-шаралар тәртібіне де өзгеріс енгізілді. Келушілерді ертіп жүретін адамдарда мерзімі 3 күннен аспаған ПТР- анықтама болуы керек. Тек алып жүретін адамдарда анықтама болған жағдайда 5 жасқа дейінгі балаларға, сондай-ақ құжаттамалық растауды ұсынған кезде COVID-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсын алған азаматтарға анықтама ұсыну талап етілмейді.

*****

Сонымен қатар, Бас санитар дәрігердің қаулысымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандарға адвокатпен және шұғыл тергеу әрекеттерін жүргізу үшін тергеушімен кездесуге рұқсат берілді. Бұл ретте, маска немесе респиратордың, резеңке қолғаптардың болуы міндетті. Сонымен бірге банктер, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпочта» АҚ бөлімшелерінің жұмысы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін бекітілді. Қаулы бүгін түңгі сағат 24.00-ден бастап күшіне енеді.

*****

Елімізде коронавирусқа қарсы қолданылып жатқан дәрі-дәрмектің 48 пайызы Қазақстанда өндіріледі. «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет берді. Сонымен қатар, вакциналау науқаны басталғалы бері бірыңғай дистрибьютер өңірлерге 4,4 млн доза екпе жеткізген. Ал, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Нұр-сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Нұрлыбек Асылбектің айтуынша, енді елімізде өндірілген маскалар шетелге шығарылуы мүмкін. Бұл жұмыс арнайы бұйрықпен жүзеге асады.

*****

Маңғыстау облысында 17 кәсіпкерлік нысан «Аshyq» жобасынан 2 аптаға шеттетілді. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аққу Айтжан мәлімдеді. Оның айтуынша, жұмысын уақытша тоқтатқан 17 нысан жоба аясындағы талаптарды бұзған. Мәселен, 4-еуі келушілердің санын 50 пайыздан асырса, 1-еуі жұмыс режимін ұстанбаған. Ал қалғандары маскалық режимді сақтамаған. «Қазіргі таңда Ақтау халықаралық әуежайында «Аshyq» қосымшасы пилоттық режимде жұмыс істейді. Тестік режим барысында 1 күн ішінде 1032 сканерлеу жүргізіліп, нәтижесінде 1 «қызыл» статус анықталды. Алдағы уақытта жобаға теміржол вокзалын қосу жоспарлануда. Сондай-ақ балалар ойын-сауық кешендері де арнайы қосымшаға тіркеледі», - деді кәсіпкерлер палатасының өкілі.

*****

«QAZSPORT» телеарнасы дзюдодан әлем чемпионатын тікелей эфирде көрсетеді. 6-13 маусым аралығында Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өтетін байрақты бәсекеде еліміздің намысын 17 дзюдошы қорғайды. Жарыста Ғалым Жылгелдиев жаттықтыратын ерлер құрамасының 9 өкілі, Ерлан Алпысбаев баптайтын әйелдер құрамасының 8 өкілі бақ сынайды.