Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 14.06.2021

Қорытынды жаңалықтар 14.06.2021

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент Палаталарының Бірлескен отырысын шақыру туралы Өкімге қол қойды, деп хабарлайды parlam.kz. Бірлескен отырыс 2021 жылғы 21 маусымда сағат 10-да Нұр-Сұлтан қаласында өтеді» - деп жазылған Өкімде.

*****

Ертең Үкімет отырысы өтеді. Күн тәртібінде еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай; Экологияны жақсарту мәселелері; сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шаралары қарастырылады. 

*****

Қазіргі таңда Қазақстанның вакцина паспорты үш елге турист ретінде кіруге жарамды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков айтты. Денсаулық сақтау министрлігі қазір басқа елдердің үкіметімен келіссөз жүргізіп жатыр. Бүгінде Моңғолия, Таиланд және Мажарстан туристерді біздің вакцинация паспортымен кіргізе береді. Сондай-ақ ол Мальдив аралдарының билігімен де қазақстандық вакцина паспорты бар туристерді қабылдау бойынша келіссөз жүріп жатқанын жеткізді. «Қазір Мальдив аралдарына бару үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына міндетті түрде ПТР-тест қажет. 

*****

Қазақстандықтарға енді Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметін тұтыну үшін алдын ала бронь жасаудың қажеті жоқ. Ashyq қосымшасы арқылы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына кіруге болады, деп хабарлайды zakon.kz. Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысында қазақстандықтар қалалық халыққа қызмет көрсету орталықтарына Ashyq қосымшасы арқылы бара алады деп жазылған. Сонымен қатар кезекті алдын-ала брондау мүмкіндігі сол режимде сақталады. Алдын ала броны барларда, тіпті артықшылық болады, ол адамды оператор белгіленген уақытта қабылдауы керек. 

*****

14 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы жарияланды. Оған сәйкес: «Қызыл» аймақта: Нұр-Сұлтан қаласы тұр. «Сары» аймақта: Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары.⠀Ал қалған өңірлер «жасыл» аймақта. 

*****

Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған мәліметке сай, елде 1 млн 384 мың 29 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның қос компонентін алған. Ал 2 млн 506 мың 157 адам екпенің алғашқы дозасын салдырды. 

***** 

Мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі бойынша арнайы заң 2025 жылға дейін қабылданады. Яғни, 2025 жылға дейін арнайы заң қабылданып, жәрдемақыларды арттыру, күтушілерді қолдау және емге қажетті шығындарды өтеу сияқты жағдайлар бір жолға қойылады. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді. Оның айтуынша, тиісті заң жобасы кеше ғана Парламент Мәжілісінде қолдау тауып, Сенатқа жіберілді. Бұл заңда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр. Соның бірі – I топтағы мүгедектігі бар азаматқа сырқатының түріне қарамастан күтуші үшін ақы төлеуді енгізу. Екіншісі – 7 мен 16 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды мүгедектік бойынша топтарға бөлу. Топтарға бөлу кезінде санат бойынша олардың жәрдемақылары өседі.

*****

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың халық алдындағы есептік кездесуінде оңтүстік өлкелердегі су тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты. Ведомство басшысы елдегі судың 45 пайызға жуығы Қытайдан, Орталық Азия мен Ресейден ағып келетінін еске салды. Дегенмен елдегі су тапшылығын шешу бойынша тек Қырғыз елімен ғана нақты келісімге қол жеткізілген. Маусым-тамыз аралығында қырғыздың Тоқтоғұл су арнасынан қосымша 330 млн текше метр су ағызылады. Мұндай көлемдегі суды Өзбекстан аумағы арқылы өткізу туралы келісілді. Сондай-ақ елімізде 2030 жылға дейін апаттық жағдайда тұрған 29 су қоймасы күрделі жөндеуден өтіп, 39 су қоймасы салынады. 

***** 

Қазақстанның 6 өңірінде қоқыс өртейтін зауыт салынады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев халық алдындағы есептік кездесінде айтты. «Түзілетін қалдықтардың көлемін қысқарту үшін қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату тетігін енгізу жөніндегі заң қабылданды. Қоқыс жағатын зауыттар салу үшін алты қала белгіленді. Олар: Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Өскемен. Әкімдіктер зауыт құрылысына қажет жер телімдерін бөлді», - деді министр. 

*****

Елімізде шетелдіктердің еңбегін рұқсатсыз пайдаланған 500 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап өтуінше, ішкі істер органдары көші-қон заңнамасын қасақана бұзушыларды анықтауға бағытталған «Мигрант» жедел іс-шарасын 7 маусымнан бастап өткізіп жатыр. «Операцияның 7 күнінде тиісті рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін пайдаланған 500 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Заңсыз көші-қон ұйымдастыру фактісі бойынша 18 қылмыстық іс қозғалды», - деді ол. Ресми өкілдің айтуынша, Шымкент қаласында мектеп құрылысына 30 шетелдікті заңсыз жұмысқа салу фактісі анықталған. 

***** 

Семейдегі перинаталды орталық жанынан балаларды оңалту мекемесі ашылады. Әлеуметтік мекемені ашу туралы облыс әкімі бастама көтерген еді. Енді «ҚР Тұңғыш Президенті қоры» қолдау көрсетіп, бұл жоба осы күзде іске қосылады. Ғимарат құрылысына облыстан қосымша 105 млн теңге қаражат бөледі. Жалпы шығыс өңірі балалардың оңалту орталығына бұрыннан мұқтаж. Себебі аймақта жылына 100 мыңға жуық бала түрлі дертке шалдығады. Ал, олардың 800-дейі шала туылатын сәбилер. Жаңадан бой көтеретін нысан нәрестенің туғанынан бастап кәмелет жасқа толғанға дейін денсаулығын нығайтуға көмектеседі. Жаңа орталық жылына 4 жарым мың балаға қызмет көрсетеді.

***** 

Нұр-Сұлтанда Алдар көсе бейнесінде Шәкен Аймановтың жаңа муралы ашылды. Бұл картина «Алдар көсе» фильмінен алынған. Алдар көсенің рөлін қазақ филімінің негізін қалаушы Ш. Айманов ойнаған болатын. Мурал Ж. Омаров, 64 мекенжайындағы «Театральный» бульвары мен «DEMALYS PROMENADE» жаяу жүргіншілер көшесінің ортасында орналасқан.

*****

Ferrari спорттық автомобильдерін шығаратын итальяндық компания өзінің киім желісін іске қосып, бұдан бөлек мейрамхана да ашты. Ерлер және әйелдер киімдерінің алғашқы коллекциясы жексенбіде Маранелло қаласында өтті. Шығармашылық директор ретінде бұрын Armani-мен жұмыс істеген Рокко Ианноне шақырылды. Коллекцияда балалар киімі де бар. Киімдерге Ferrari үшін дәстүрлі саналатын қызыл және сары түстері қолданылған. Жаңа коллекция жылына бір рет ұсынылады, ал сатылымдар интернет-дүкенде, сондай-ақ Маранелло, Рим, Милан, Лос-Анджелес және Майамидегі бутиктерде жүзеге асырылады.