Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 18.06.2021

Қорытынды жаңалықтар 18.06.2021

Мемлекет басшысы коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап тұрғызылған «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Ескерткіш елорданың сол жағалауында Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жаңа саябақтың аумағында орналасқан. Президент салтанатты лентаны қиып, ескерткішке гүл шоғын қойды. Бұл – жаһандық дертке қарсы күрескен отандастарымызға деген ел құрметінің белгісі. Қ.Тоқаев денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болғанын жеткізді. Қ.Тоқаев былтыр Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» медалі бекітіліп, пандемияға қарсы күресте алғы шепте болған көптеген отандасымыз марапатталғанын айтты. Президент «Алтын жүрек» ескерткіші орналасқан саябақты «Дәрігерлер аллеясы» деп атауды ұсынды.

*****

Былтыр Коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге төленетін үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін 180 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет биылғы қазан айына дейін төлемақы беруді жалғастыру үшін осы мақсатқа қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтты. Президент тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады,сондай-ақ «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағы енгізіледі. Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. 

***** 

Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палата Бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Нұрлан Нығматулин алдағы уақытта өтетін Парламент палаталардың бірлескен отырысына назар аударып, онда Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалатынын атап өтті. 

*****

Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданы арасында пойыз жүреді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты. «Жол Құрманғазы ауданы тұрғындары үшін үлкен мәселе. Өйткені, облыс орталығынан 250 шақырым шалғайда орналасқан. Қазір плацкарт және 2 жалпы вагоны бары бір пойыз шығару жоспарда бар. Ол күн сайын жүреді, - деді Махамбет Досмұхамбетов. Сондай-ақ Атырау облысында 3 әуежай салу жоспарланып отыр. Жеңіл ұшақтар мен санитарлық авиацияны қабылдайтын әуежайлар Құрманғазы, Қызылқоға, Жылыой аудандарында ашылады. 

*****

Атырауда мұнай өндіру көлемі ұлғаяды. 2025 жылдан бастап облыста жылына 60 млн тонна қара алтын өндіріледі. Мұнай-газ химиясын дамыту мақсатында арнаулы экономикалық аймақ аумағында құны 6,1 трлн теңгеге тең 4 жаңа жоба жүзеге асады. 

*****

Биыл Ақмола облысында 700 шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жолды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңір әкімі Ермек Маржықпаев мәлім етті. Жобаларды іске асыру нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 78 пайыздан 82 пайызға дейін арттырамыз», - деді Ермек Маржықпаев Орталық коммуникациялар қызметінде. Оның айтуынша, осыны қоса алғанда соңғы үш жылда 1 300 шақырымнан астам жергілікті жол, оның ішінде ауылды жерлерде шамамен 800 шақырым жол салынған.

*****

Елорданың студенттер саябағына көше спортына арналған шағын кешен орнатылады. NS street life көше спортына арналған кешен Мұңайтпасов көшесіндегі студенттік саябаққа орнатылады. Екі деңгейлі мультифункционалды арена бұқаралық спортты дамытуға арналған. Онда баскетбол, футбол, бокс турнирлері мен би жарыстары өткізіледі. Ал қыста бұл орында мұз айдыны болады. Спорт әуесқойларына арналған жаңа орын шілде айында ашылады. 

*****

Алматының Түрксіб ауданында орналасқан бірнеше көшеде ыстық су беру уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Алматы жылу желілері» серіктестігінің хабарлауынша, Түрксіб ауданында орналасқан бірнеше үй мен ғимаратта 21-25 маусым аралығында, яғни төрт күн ыстық су болмайды. Компанияның мәліметінше, шектеулер қазандықтардағы су жылыту жабдықтарын жөндеу жұмыстарына байланысты енгізілген. 

*****

Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24». Қазіргі таңда құжаттары дайындалып жатыр. Аймақта мал өлімі тоқтады, дегенмен, қуаңшылық көтерем түліктің қоң жинауына кедергі болып отыр. Жем-шөп тауып бере алмай қысылған шаруа қожалықтары мал басын азайтуға көшкен. Жергілікті билік қолдағы мал азығының қорын жинақтап жатыр. Ауданға мың тоннадан астам жоңышқа мен 40 тонна құрама жем әкелінді. Мамандар қазір топырақ құрамын зерттеу үстінде. Егер сараптама қорытындысымен минералдар жеткіліксіз болып шықса, төтенше жағдай жарияланады. 

*****

Ай соңына дейін елдің бірқатар аймағында құрғақшылық болуы мүмкін. Әсіресе, екі өңірде қуаңшылықтың жоғары деңгейі байқалады. Олар Қостанай облысының Амангелді ауданы және Шығыс Қазақстанның Абай ауданы. Сондай-ақ синоптиктердің болжауы бойынша Ақтөбе, Ақмола және Маңғыстау облыстарында жауын-шашынсыз аптап ыстық болады.

*****  

«Ана терапиясы». Дәл осындай атаумен аутизммен ауыратын баласы бар ата-аналарға арналған көмекші құрал жарық көрді. Кітаптың таныстырылымы ертең Елордада өтеді. Оған шығармашылық зиялы қауым, білім мекемелерінің басшылары мен әдіскерлері, БАҚ өкілдері, жастар ұйымдарының белсенділері қатысады. Автор Мадина Иманбайдың айтуынша, аутизм дертіне шалдыққан балалардың ата-аналарына психологиялық-моральдық қолдау керек. Мотивация беру мақсатында жазылған кітапта аутизммен күрестің шетелдік тәжірибесі негізге алынған. 

*****

Өскемен қаласында 2 баланы көлік қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы бүгін түскі уақытта Карбышев көшесінде болған. «ВАЗ» маркалы автокөліктің 25 жастағы жүргізушісі Гагарин бульварына қарай жүріп келе жатып реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінде кәмелет жасына толмаған екі баланы қағып кетті», - деп хабарлады ведомство өкілдері. Әр түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған 11 және 12 жастағы ұлдар жедел түрде ауруханаға жеткізілген.