Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 21.06.2021

Қорытынды жаңалықтар 21.06.2021

ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында «Айтылды. Орындалды» айдарымен әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау шаралары қалай іске асып жатқаны туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 25 қаңтарында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында әйелдер мен балалардық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер штатын қалпына келтіруді тапсырған болатын. Берік Уәли ұсынған мәлімет сүйенсек, сол тапсырма аясында жергілікті полиция қызметі бөлімшелердің санын ішкі қайта бөлу есебінен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша бөлінен штат саны 119-дан 248-ге, кәмелетке толмағандарды қорғау бойынша 702-ден 1150-ге арттырылған.

*****

Биыл елімізде шамамен 2 тонна (1,9) түрлі есірткі өнімі тәркіленген. Оның 4 келіге жуығы героин, 41 келісі синтетикалық есірткі. Мыңнан астам есірткімен байланысты қылмыстар анықталған. 750 есірткі сату, 200 аса ірі көлемде есірткі сақтау фактісі тіркелген. Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов осылай мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері есірткі саудасына қатысы бар 6 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, 12 қылмыстық іс қозғалған. Топтардың 3 басшысы, 30 мүшесі қылмыстық іске тартылып, контарбанданың 50 фактісі анықталған. «Қазақстандағы есірткі саудасының даму үрдісі мынадай жайттардан қалыптасып отыр. Біріншіден, Жамбыл облысындағы Шу жазығында каннабистің шикізат базасы бар. Сондай-ақ, Қызылорда облысында сора өсіру тыйылмай отыр. Ауғанстаннан келетін героиннің «солтүстік маршрут» бойынша өтетін трафигі орталық Қазақстан аумағы арқылы Ресей мен Еуропаға бағытталады. Іргелес елдерден синтетикалық есірткінің контрабандасы келеді. Қазақстанның өз ішінде де синтетикалық есірткі өндірісін зертханалық жағдайда жолға қою талпынысы азаймай тұр», - деді департамент өкілі.

*****

Қызылордада 18 маусым күні жоғалып кеткен 13 жасар қыз өлі табылды. Іздестіру тобы жасөспірімнің мүрдесін Шіркейлі каналынан шығарып алды. 300-ге жуық адам екі күн бойы жер-жерді тінтіп шыққан. Нәтиже болмаған соң, үйіне жақын маңдағы су айдынынан іздестіріліп, каналдың бойынан табылды. Кәмелет жасқа толмаған қыздың денесінде зорлық-зомбылық белгілері байқалмайды дейді полицейлер. Бірақ, сот-медициналық сараптама тағайындалып, қайғылы оқиғаға қатысты тергеу әрекеттері басталды.

*****

Ақтөбе облысында екі мектептің директоры жол апатынан көз жұмды. Тағы екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Төрт білім мекемесінің басшысы бір көлікте болған. Ойыл ауылынан Қобда елді мекеніне қарай бара жатқанда жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік аударылып қалған. Салдарынан рөлде отырған Ақтөбе қаласындағы №33 мектептің директоры мен жиырмасыншы мектептің басшысы оқиға орнында көзжұмған. Қалған екеуі Ойыл аудандық ауруханасында операция жасалып, қан құйылған соң естерін жиған.

*****

Ал Түркістан облысы, Созақ ауданында жол апатынан жеті адам қайтыс болды. Екпінді-Бірлік автожолы бойында «Лада-Приора» мен «Фольцваген-Гольф» көліктері соқтығысып, салдарынан екі көліктің де жүргізушілері мен 5 жолаушысы қаза тапты. Аман қалған 1 адам дене жарақатымен аудандық ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнына тәжірибелі криминалистер мен жедел тергеу тобы шығып мән жайды анықтауда.

*****

Иранның жаңа сайланған президенті Ибрахим Раиси елді халықаралық санкциядан босатуға күш салатынын мәлімдеді. 60 жастағы лидер жұма күні өткен сайлауда жеңіске жетті. Оны дауыс беруге қатысқан 29 миллионға жуық адамның 18 миллионға таяуы қолдаған. Раиси барлық ирандықтардың президенті болуға уәде беріп отыр. Оның инаугурациясы тамыз айының басында өтуі тиіс.

*****

Арменияның уақытша үкімет басшысы Никол Пашинянның партиясы парламенттік сайлауда жеңіске жеткенін жариялады. Бюллетендердің 100 пайызы саналып болды. Оның нәтижесіне қарағанда, «Азаматтық келісімге» электораттың 54 пайызға жуығы дауыс берген. Арменияда мерзімінен бұрын сайлау ел армиясы Әзербайжан әскерінен жеңіліп, Таулы Қарабақтан айрылғаннан кейін жарияланды. Содан кейін Пашинянға отставкаға кету туралы қысым күшейді. Бірақ, премьер тағы да жер жоғалтудан және адам шығынын көбейтуден қауіптеніп, Бакумен бейбіт келісімге барғанын мәлімдеп,44-күндік соғысты тоқтатқан пәтуаны Армения үшін апатты деп атаған еді. Осы жолы Пашинянның басты қарсыласы – экс-президент Роберт Кочерян болды. Бірақ бұрынғы мемлекет басшысының «Армения» блогы 21 пайыз ғана дауыс жинап, сайлау қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеп отыр.

*****

Алматы полиция департаменті цирк алдындағы субұрқақта екі қыз бен әйелді ток ұрған оқиға қандай бап бойынша тергеліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Алматы қаласы полиция департаменті бұл деректі Бостандық ауданы ПБ жанындағы полиция бөлімі ҚК-нің 306-бабы 2-бөлігі «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету» бойынша тергейтінін хабарлайды»,- делінген полиция таратқан ақпаратта. Айта кетейік, бұл бап бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді, не үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып я онсыз, сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Еске салайық, 19 маусым күні Алматы циркі маңындағы фонтанда бірнеше адамды тоқ соқты. Қазір зардап шеккендер ауруханада жатыр. Олардың біреуінің жағдайы өте ауыр.