Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 22.06.2020

Қорытынды жаңалықтар 22.06.2020

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиында кеңес шешімдерінің орындалу нәтижелері бойынша баяндамалар тыңдалып, Қордың болашақ инвестициялық жобаларының бағыттары талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік дағдарыстың Қазақстан экономикасына тигізген әсеріне қарамастан, Қор 2020 жылды табысты аяқтады. Сонымен қатар кеңес барысында «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы басшыларының есебі тыңдалды. Жиын қорытындысы бойынша Ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің Төрағасы бірқатар нақты тапсырма берді.

*****

Бүгін ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекцияcының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Нұр-Сұлтан қаласында «Дельта» («Үнді») штамына тән COVID-19 мутациясының анықталуына байланысты карантиндік шаралар күшейтіледі. Комиссия «Ashyq» жобасына сауда ойын-сауық орталықтарын, сауда үйлері мен азық-түліктік емес базарларды қосуды тапсырды. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша карантиндік режимді күшейту жөніндегі ұсынысы комиссия тарапынан қолдау тапты. Енді елордада азық-түлік емес тауарларды сататын сауда ойын-сауық орталықтары жұмыс күндері сағат 17.00-ге дейін ашық болады. Сенбі-жексенбіде жұмыс істемейді, ғимарат ішіндегі қоғамдық тамақтану объектілері таңғы жеті мен кешкі сегіз аралығында ғана ашық болады. Жабық азық-түліктік емес базарлар дүйсенбі –жұма аралығында кешкі сегізге дейін жұмыс істейді. 100 адамнан асатын болса, спорттық шаралар мен діни объектілердің жұмысына тыйым салынады. 

*****

Қазақстандық магистранттар мен докторанттар Францияда тегін білім ала алады. «Абай-Верн» ұтқырлық білім беру бағдарламасына қатысу үшін өтініштерді қабылдау 4 шілдеге дейін жалғасады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс франко-қазақстандық стипендия туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды. 2021-2022 оқу жылында екінші курстың 30 магистранты және Қазақстан мен Франциядағы ғылыми жетекшілермен бірлесіп диссертация дайындайтын 5 докторант «Абай-Верн» стипендиясының иегері атана алады. Стипендияны жеңіп алған магистранттарға Ұлттық банк бағамы бойынша ай сайын 800 евро, докторанттарға 1200 евро мөлшерінде стипендия төленеді. Сондай-ақ стипендиаттар Франциядағы университет жатақханасынан орын ала алады. Бұдан бөлек, ұзақ мерзімді студенттік виза мен француздық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тегін тіркеле алады.

*****

Ақтөбе облысындағы ауыл әкімдерінің жартысынан астамы сайлауға қатысуға құлшынып отыр. Бұл жайында облыс әкімі Оңдасын Оразалин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтты. Әкімнің айтуынша, ауыл әкімдерін сайлау шілдеде өтеді. Жыл соңына дейін өңірдегі елдімекендерге 40 әкім сайланады.

*****

«САЙРАМ-ӨГЕМ» ШАТҚАЛЫНАН ТАҒЫ БІР АДАМНЫҢ МӘЙІТІ ТАБЫЛДЫ. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады. Түркістан облысының полицейлері марқұмның денесін туыстарына тапсырды. 

Құтқарушылар бүгінге дейін туристердің соңғысын іздеп келді. Іздеу 27 күнге созылды. Жоғалған жеті адамның алтауы Назарбаев Университетінің студенті екені белгілі.

*****

Мажарстан Қазақстанның вакцинациялау паспортын мойындаған ЕО-дағы алғашқы ел болды. Иммундау сертификаттарының болуы екі ел азаматтарының Қазақстан Республикасына және Мажарстанға кіруіне кепілдік береді. Бұл шекараларды ашу және Будапешт пен Нұр-сұлтан арасындағы тікелей әуе қатынасын жандандыру бойынша алғашқы қадамдардың бірі. 

***** 

Түркістаннан Ташкентке жаңа халықаралық әуе рейсі ашылды. Аптаның басында Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан Түркістан-Ташкент бағытында отандық әуе компаниясының ұшағы көкке көтерілді. Тұрақты рейстер әр аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндеріне белгіленген. Аталған бағыттағы билеттің құны 10 мың теңгеден басталады. 

*****

Оңтүстік өңірдегі жанармай мәселесіне вице-министр түсініктеме берді. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, Түркістан облысының шалғай аудандарында дизель отыны мүлдем сатылмай отырғаны, кейбір жерлерде литріне 300 теңгеге дейін қымбаттағаны, ал сұйытылған газ 10 күннен бері талонмен сатылып жатқаны рас. Әсет Мағауов кешеден бері оңтүстік өңірлерде мұнай өнімдерін жөнелту көлемі артқанын жеткізді. «1-2 күнде жағдай тұрақтанады деген ойдамыз. Мұнай өнімдерінің көтерме сауда бағасы бір қалыпта тұрғанын айтқым келеді, ешқандай өзгеріс жоқ. Мүмкін жанар-жағармай құю станцияларында өздерінің шешімімен бағаны қойып жатқан шығар. Ондай жағдайда тиісті органдар тексеру жүргізеді, - деді вице-министр.///

*****

Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті полиция қызметінің автопаркі жаңарды, деп хабарлайды «Хабар 24». Мереке қарсаңында оларға 86 қызметтік автокөліктің кілті табысталды. Аудандағы учаскелік полиция инспекторлары енді жаңа автокөлікпен жүреді. Материалдық – техникалық базаны нығайту үшін облыстық бюджеттен 500 млн. теңгеден аса қаражат бөлінген. Сонымен қатар салтанатты шара барысында қызметте көзге түскен тәртіп сақшылары марапатталды.