Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 10.09.2021

Қорытынды жаңалықтар 10.09.2021

Президент Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Үкіметпен бірлесіп бекітілген инфляцияға қарсы шаралар мен оны жүзеге асырудың негізгі бағыттары, сондай-ақ биылғы инфляцияның жаңартылған болжамдары туралы баяндалды. Сонымен қатар халықтың табысы мен тұтыну деңгейінің артуына ықпал ететін Қазақстандағы экономикалық белсенділіктің арта түскені жөнінде және Президенттің дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру барысы туралы мәлімет берілді. Бұдан бөлек Мемлекет басшысына Қазақстанның жалпы халықаралық резервтерінің биылғы 8 айда 93,7 миллиард долларға дейін ұлғайғаны және Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 2,3 миллиард долларға дейін өскені туралы деректер ұсынылды. Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияның монетарлық емес факторларын төмендетуге және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән беруді тапсырды.

*****

Мемлекет басшысының Жарлығымен Серікбай Трұмов Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады. Бұған дейін Серікбай Трұмов Маңғыстау облысының әкімі лауазымын атқарған болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Серікқали Брекешев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарған.

*****

Келесі аптада елде декларация тапсырудың мерзімі аяқталады. Кірістер комитетінің мамандары активтер мен өзге де мүлікке қатысты деректерді 15 қыркүйектен кешіктірмей өткізуді ескертеді. Биыл қаңтарда жалпыға бірдей декларацияны енгізудің бірінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайы сонымен бірге бірқатар мемлекеттік функцияны орындайтын азаматтар декларация толтыруға міндеттелген. Егер ескертуден кейін де декларация уақытында тапсырылмаса, 43 мың теңгеден аса айыппұл арқалайды.

*****

Бүгін республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Онлайн өткен салтанатты шараға еліміздің барлық өңірінен облыстық кезең жеңімпаздары қатысты. 96 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Алуадин Орақовтың әулеті үздік шықты. Мерейі асқан жанұяға Президенттің атынан арнайы диплом табыстады. Ғасырға жуықтаған Алуадин ақсақал бүгінде 8 бала өсіріп, олардан 33 немере мен 48 шөбере сүйіп отыр. Маңғыстау облысы бала туу көрсеткіші бойынша елімізде үздік үштікте тұр. Соңғы жылдары бала туу 30 пайызға өскен. Бүгінде аймақта 41 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Оның 11 мыңнан астамы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері. 

*****

Елордада 11-12 қыркүйек күндері ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Ол Хан-Шатыр сауда-орталығының жанында ұйымдастырылады. Бұл жолы елордаға Қызылорда облысының ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер келеді. Қызылорда облысының шаруалары 400 тоннаға жуық өнім әкеледі. Атап айтқанда, 140 тонна күріш, 20 тонна балық және балық өнімдері, 150 тонна бау-бақша өнімі, ас тұзы, 5 тонна сүт және кондитер өнімдері болады.

***** 

Елордада тағы 100 электравтобус жолаушылар тасымалымен айналысады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты. «Электравтобустардың артықшылығы: атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайды әрі үнемді. Дизельді автобустарға жұмсалатын шығын тәулігіне орта есеппен 25 мың теңге болса, электр энергиясына жұмсалатын шығын 4-5 есе аз. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен автопарк салынды. Жаңа автобустар интеллектуалды бақылау жүйесімен, пандустармен және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін арнайы орындармен жабдықталған. 

*****

Биыл қазан айында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру жоспарлануда. Алматы-Джидда және Алматы-Мәдина бағыттары бойынша рейстерді қазақстандық SCAT авиакомпаниясы орындайды. Рейстер аптасына бір рет болады. Сауд Арабиясына рейстердің көбеюі эпидемиологиялық жағдайға байланысты шешіледі.

***** 

Атырау облысында «Мақат-Индер» теміржол желісі жөнделеді. Бұдан отыз бес жыл бұрын пайдалануға берілген жол бүгінде әбден тозған. 2022 жылға жоспарланған жоба құны 1 млрд. 400 млн.теңгеге бағаланған. Аталған теміржол желісінің ұзындығы 175 шақырым. Жолдың жағдайын жақсарту арқылы оның жүк өткізу қабілетін 90 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Айта кетейік, теміржол арқылы Индер ауданынан техникалық және ас тұзы, құрғақ құрылыс қоспалары мен қиыршық тас, минералды галИт, гипохлорид, бИтум, руда, басқа да өндіріс материалдары тасымалданады.

*****

Батыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылы басталғалы бері 130 оқушы коронавирус жұқтырған. Оның 64-і Орал қаласында, ал 66 жағдай аудандардағы білім ошақтарында анықталды. Айта кету керек, өңір әлі де «қызыл аймақта». Тек соңғы тәулікте аймақта 98 адамнан коронавирус табылды. Сол себепті Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің қаулысымен 26 мектепте 38 сынып, орта білім беру орындарында 3 топ және ЖОО-да 1 топ карантинге жабылды. Аймақта вакцина алуға тиіс тұрғындардың 49 проценті екпенің екінші компонентін алған.

*****

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы медицина қызметкері жалған вакциналау паспортын жасаған. 54 жастағы маман тұрғындарды екпе алған адам ретінде рәсімдеп, препаратты ысырап еткен. Медициналық қызметкер бұлтартпас айғақтармен ұсталып, тергеу амалдары басталды. Жалған паспорт жасаушы 4 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, күдікті осындай заңсыз қызмет көрсетуі мүмкін тұлғалар анықталуда.

*****

Бүгін әйгілі Панфилов дивизиясының көзі тірі соңғы жауынгері, Ұлы Отан соғысының ардагері алматылық Қайырлы Жонқабаев 100 жасқа толды, деп хабарлайды «Хабар 24». Майдангерді Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері арнайы барып құттықтап, құрмет көрсетті. Үрмелі аспаптар оркестрі соғыс жылдарындағы әндерді орындап, мерейтой иесін қуантты. Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1941 жылы Панфилов дивизиясының 23-гвардиялық полкіне алынып, пулеметші болған. Беларусь, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан. Қарт жауынгер Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болған. Ол майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Ғасыр жасаған қария өзін құттықтап келгендерге батасын берді. 

***** 

Аndroid платформасына арналған PlayMarket сервисінде «Онлайн халық санағы -2021» мобильді қосымшасы пайда болды. Осыған қатысты Ұлттық статистика бюросы аталған платформаның ресми емес екенін мәлімдеп, пайдаланбау қажеттігін ескертті. Ал, бюро қосымшаны қолдана отырып, санақтан өткен азаматтардың ұсынған бастапқы статистикалық мәліметтерінің құпиялылығы сақталатынына кепілдік бермейді. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта респонденттер SANAQ.GOV.KZ сайты, E-GOV порталында тіркелу және AITU мобильді қосымшасы арқылы онлайн режимде санақтан өте алады.