Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 16.09.2021

Қорытынды жаңалықтар 16.09.2021

Елбасы «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің президенті Шигео Катсуды қабылдады. Кездесуде университеттің 10 жыл ішінде қол жеткізген басты жетістіктері мен жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегиясын жүзеге асыру барысы талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев оқу орнын әрі қарай дамыту керектігіне, соның ішінде жасанды интеллект технологиясын дамыту мен қолдану саласындағы жобаларды жүзеге асыруға назар аударды. «Біздің бағдарламамыздың келесі даму кезеңі – Жасанды интеллект кампусын ашу. Оны Алматыда құру жоспарланып отыр. Жобаны іске асыруға қатысатын шетелдік компаниялармен келіссөз де жүргізілді», - деді Елбасы. Бүгінде жоғары оқу орнында 6800 студент білім алады.

*****

Қазақстан ауған босқындарын қабылдамайды. Елімізге шетелдің әскери базасы да орналастырылмайды. Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде өткен Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының сессиясында мәлімдеді. Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының бітімгерлері Ауғанстандағы ахуалды реттеуге атсалысатынын айтты. «Енді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы әрі бітімгері қызметі пайда болады», - деді Президент. Ол соғыс оты шарпыған аймақтарға барып, күрмеулі мәселелермен айналысады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанның жаңа билігімен іс-қимылдарды үйлестіру жөнінде нақты шаралар қабылдауды ұсынды. Жаңа ауған билігінің шекаралас мемлекеттер мен аймақтарға терроризм қаупінің таралмауына жол бермеу жөніндегі міндеттемелерін орындауы – біздің айқын басымдығымыз. Бұл есірткі тасымалы мен заңсыз көшуге қатысты. Олармен күрес барлық мүдделі тараптардың ұжымдық күш-жігерін талап етеді. Жиында Ауғанстанның жаңа билігімен сауда-экономикалық қатынасты жандандыру мәселесі де қаралды. Сондай-ақ Орталық Азиядағы сын-қатерлерді алдын алу бойынша нақты шаралар қабылданды.

*****

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-Министрі Имран Ханмен кездесті, деп хабарлайды Ақорда. Пәкістан Премьер-Министрімен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистикалық байланыстарды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға шақырды. Қазақстан Президенті сауда-экономикалық, ғылыми-технологиялық және мәдени ынтымақтастықты арттыру мәселесіне арнайы тоқталып, Имран Ханды Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Кездесуде Ауғанстандағы ахуал мен өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды. 

*****

Үкімет басшысы Асқар Мамин Алматыға жұмыс сапарында мегаполистің селден қорғау, энергетикалық, әлеуметтік, тұрғын үй және туристік инфрақұрылымының дамуын тексерді. Асқар Мамин «Аюсай» және «Ақсай» сел ұстайтын бөгеттерінің, «Қарғалы» су тарту құрылысының салыну барысымен, сондай-ақ Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндеріндегі көлдердің жай-күйімен танысты. Сел бөгейтін «Аюсай» және «Ақсай» бөгеттерін салу Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің бір бөлігін, Алматы ГЭС каскадының объектілерін, Алматы қаласының автожолын инженерлік қорғауды қамтамасыз етеді. Асқар Мамин «Аюсай» бөгетінің құрылысын 2022 жылғы қазан айында, «Ақсай» бөгетінің құрылысын 2023 жылы аяқтауды тапсырды.

*****

I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсетушілерге жаңа жәрдемақы түрі енгізіледі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты.

*****

Елде жаңа IT жүйе, алаң құрылмақ. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты. «Біз GovTech деген жаңа эко-жүйе, платформа құрамыз. Ол жерге кез келген бағдарламашы кіріп, өз жобасын жүктеп, ұсына алады. Ол үшін арнайы өтініш берудің қажеті жоқ. Бұл отандық IT мамандарына беріліп отырған жаңа мүмкіндік», - деді Бағдат Мусин «Ашық алаң» телебағдарламасының эфирінде.

*****

Денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирусқа қарсы вакцинаны салдырғандар статистикасын жариялады. 15 қыркүйекке дейін елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін 7 млн 194 мың 860 адам алған. Ал екпенің екінші компонентін 6 слн 019 мың 027 адам салдырды.

*****

Шығыс Қазақстан облысында 2022 жылы 6 мектеп салынады. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов қала және аудан әкімдерімен өткен жиналыснда айтты. Биыл Өскеменде 23 көппәтерлі үй салынуда. Оның ішіндегі 15 үйдің құрылысы 2022 жылы аяқталады. Риддер мен Шемонаихада 60 пәтерлік үйдің құрылысы бітуге жақын. Сондай-ақ Үржар мен Зайсан аудандарында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында құрылыс белсенді жүріп жатыр. Келесі жылға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде», - деді Даниал Ахметов.

*****

Еліміздің орта білім беру орындарында эвакуация жолын жабуға тыйым салынды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитеті басқармасының басшысы Ерлан Төрегелдиев айтты. «Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес барлық эвакуациялау жолдары еркін және ғимараттан шығу бағыты бойынша ашық тұруы тиіс. Әсіресе білім беру мекемесі көлеміне қарамастан қауіптің жоғары дәрежелі түріне жатады, сондықтан эвакуациялауға арналған есіктерді жабуға болмайды. Өйткені мектепте бала көп, сондықтан эвакуация жолы толықтай жұмыс істеп тұруы тиіс. Есікті жабуға немесе уақытша бұғаттауға қатаң тыйым салынады», - дейді Ерлан Төрегелдиев. 

*****

Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында АҚШ, Австралия және Ұлыбритания жаңа қорғаныс альянсын құрды. Аталған келісім аясында америкалық әскерилер австралиялық әріптестеріне суасты атом кемелері флотын құруға мүмкіндік беретін технологияларды ұсынады. Десе де, ресми Вашингтоннның айтуынша, Австралия ядролық қаруға ие болмайды. Бұл ел әрі қарай да ядролық қару таратпау жөніндегі міндеттемелерін атқара береді. Жаңа альянсқа байланысты Австралия Франциямен сүңгуір кемелер құрылысы жөніндегі келісімді бұзды. Өз кезегінде Қытай Австралияның аталған технологияларға қол жеткізуі ядролық қаруды таратпауға қатысты халықаралық режимге кері әсерін тигізетінін мәлімдеді. Сондай-ақ аймақтағы тұрақтылыққа да зиян келтіретінін жеткізді. 

*****

«Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын сырт айдында Финляндияның «Йокерит» (Хельсинки) командасымен өткізеді. Кездесу елорда уақытымен 22.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Екі команда бүгінге дейін 13 мәрте шеберлік байқасты. Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты кезеңі 1 қыркүйекте басталды. Ол 2022 жылдың 1 наурызында мәресіне жетеді. Одан кейін турнирдің плей-офф сатысы басталады.