Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 22.09.2021

Қорытынды жаңалықтар 22.09.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі күндік жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. «Бүгін Мемлекет басшысы Ақтау қаласында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде жиын өткізіп, жаңа спорт кешенін аралады. Сондай-ақ қаланың туристік аймағындағы бірқатар инвестициялық жобаның жүзеге асу барысымен танысты», – делінген Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің әлеуметтік желідегі жазбасында. Ертең Қасым-Жомарт Тоқаев «Отпантау-2021» командалық-штабтық оқу-жаттығуын бақылайды.

*****

«100 жаңа оқулық» жобасы қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттырды. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісінде айтты. Елбасы бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы іске асырылды. Аталған жоба аясында Әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарының ең үздік оқулықтары қазақ тіліне аударылып қазақстандық студенттердің қолына тиді, - деді Мемлекеттік хатшы.

*****

Елордада ертең жылу беру маусымы басталады. Тиісті қаулыға қала әкімі Алтай Көлгінов қол қойды. Бұған дейін кейбір әлеуметтік нысандар өтініштер негізінде жылу жүйесіне қосылған болатын. Қала әкімінің мәліметі бойынша, «Көктал-1», «Көктал-2», «Теміржолшылар», «Агроқалашық» елді мекендерінің тұрғындары газға қосылуға мүмкіндік алды. Қараша айына дейін Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Агроқалашық елді мекендерінің тұрғындары көгілдір отынға қосылады. Сондай-ақ, Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізілуде. Мұндағы жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

*****

Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы отбасылар үйді нарықтағы бағадан екі есе арзанға ала алады. Аймақ басшысы Даниал Ахметов қала, аудан әкімдерімен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшылығы және банк өкілдерімен кезекті жиын өткізді. «Көпбалалы, толық емес отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балалары бар жанұяларға үй алу үшін 2,2 млн теңге мөлшерінде көмек көрсетіледі. Бірақ мұндай жеңілдік тек «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы арқылы үй алатын отбасыларға ғана жасалады. 2 млн теңгеден астам сома – бұл пәтер құнының 25 пайызы. Өйткені мұндай тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы - 160 мың теңге. Бұл коммерциялық нарықтағы баспана құнынан екі есе төмен», - деді облыс әкімі. Оның айтуынша, бүгінде аталған санаттағы 104 отбасы бағдарламаға қатысуға ниет білдірген.  

*****

Қазақстанда архивтік құжаттарды цифрлық форматта сақтайтын жаңа ақпараттық жүйе енгізіліп жатыр. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахманов айтты. Мемлекет басшысы Жолдауда архив қызметкерлерінің жалақысымен қоса біліктілігін де арттыруды міндеттеді. Жалпы архив жұмысын заманауи түрде ілгерілетудегі маңызды бағыттың бірі оны цифрлық форматқа ауыстыру. Яғни, барлық құжаттарды электронды форматта сақтауымыз қажет», - деді Ғабидолла Әбдірахманов. Сондай-ақ, вице-министр Мемлекет басшысы шетелдегі елімізге қатысты архив құжаттарын зерттеуді тапсырғанын айтты. «Президенттің осы тапсырмасына сәйкес, арнайы кешенді жоспар әзірленді. Жоспар аясында мамандар шетелдік мұрағаттарға барып, ондағы құнды құжаттармен танысып жатыр. 

*****

27 қыркүйектен бастап елімізде карантиндің шектеулер жеңілдетіледі. «Ashyq» бойынша «қауіпсіз» мәртебесі бар қызметкерлер мен келушілердің қатысуымен бірқатар іс-шара өткізуге рұқсат етілді. Бұл "жасыл", "сары" және "қызыл" аймақтағы өңірлерге де қатысты. Дегенмен, әр аймақта орналасқан өңірлерге қойылған арнайы талаптар бар. Атап айтқанда, салтанатты, еске алу және отбасылық шараларды залды 50%-ға толтырумен өткізуге рұқсат беріліп отыр."Жасыл" аймақта тұрған өңірлерде 100 орыннан аспауы шарт."Сары" аймақта 70 орыннан, "Қызыл" аймақта 50 орыннан аспауы керек. Сондай-ақ конференциялар, форумдар және басқа да бұқаралық шараларды, көрмелерді өткізуге рұқсат етілді. Бұған қоса, таза ауада марафон ұйымдастырып, көрермендердің қатысуымен спорттық шаралар өткізуге болады. Спорттық-сауықтыру орталықтары мен спорт кешендерінің, ойын клубтарының (казино) қызметі жанданады.

*****

Сонымен қатар, алдағы дүйсенбіден бастап жұма намазын мешіт ішінде оқуға рұқсат берілді. Алайда қызметкерлер мен келушілердің статусы Ashyq-та "қауіпсіз" болуға тиіс. "Жасыл" аймақта тұрған өңірлерде мешіт ішінің адамдарға толуы 50 пайыздан, "сары" аймақта 30%-тен, "қызыл" аймақта 20%-тен аспауы керек.

*****

Ақтөбелік шаруалар дизель отынын таппай әлекке түсті. Әсіресе, ірі жанар-жағармай құю станциялары жоқ шалғай аудандардағы шаруа қожалық иелері облыс орталығынан іздеуге көшкен. Бірақ қаланың өзінде де жанармай тапшы. Көп жерде тек арнайы талонмен беріледі. Ал еркін саудадағы дизель отынының бағасы едәуір өскен. Жаз айларында литрі 185-190 теңгенің көлемінде болса, қазір 220 теңге. Мұндай жағдай шаруаларға оңай тимей тұр. Себебі, кей аудандарда егін мен шөп шабу науқаны әлі де жүріп жатыр. Олардың айтуынша, күзгі далалық жұмыстарға арналған арзандатылған дизель отынын алу да қиындап кеткен. «Ақтөбе фермерлік орталығы» қауымдастығының жетекшісі Марлен Баймағамбетовтің айтуынша, ең басты проблема арзандатылған отын қолжетімсіз. 

*****

Қазақстандықтар барлық өңірдегі қоғамдық кеңестердің көмегіне бірыңғай портал арқылы жүгіне алады. Оның басты міндеті – қоғамдық кеңестердің тұрғындармен кері байланысқа арналған механизмдерді қалыптастыру мақсатында Kazkenes сайтының функционалын кеңейту және жетілдіру. Бүгін kazkenes.kz порталын іске қосу шараларының 90 проценттен астамы аяқталды. Порталда әрбір қазақстандық жолдың, ауыз судың сапасына, мемлекеттік қызметтердің тиісті деңгейде көрсетілмеуіне қатысты сұрақ қоя алады. Азаматтар мұнда тіпті, бұл мәселелерді шешу жолдарын да ұсынса болады. 

*****

Алдағы демалыс күндері елордалықтарға Ақтөбе облысы өз өнімдерін ұсынады. Кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 25 және 26 қыркүйекте «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда өтеді. Оған Ақтөбе облысының 12 ауданы мен қаласынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерін жеткізеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына жалпы көлемі 197 тоннадан астам тауар әкелінеді.