Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 25.10.2021

Қорытынды жаңалықтар 25.10.2021

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов кеңейтілген форматта екіжақты келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда. Екі ел басшылары шағын форматта өткен кездесуден кейін келіссөзді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен одан әрі жалғастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық қазақ-түрікмен көпжақты байланыстарының негізгі өзегі саналатынын еске салды. «Жаһандық пандемияға байланысты екіжақты тауар айналымы біршама төмендегенімен, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттықтың өсімі 30 пайыздан асқаны байқалады. Әрине, бұл біздің мүмкіндіктеріміздің шегі емес. Сонымен қатар энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары бойынша өте мол резервіміз бар», – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесінің 2022 жылы Түрікменстанның Қазақстандағы Мәдени күндерін өткізу туралы ұсынысын қолдады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов кеңейтілген форматтағы екіжақты келіссөз қорытындысы бойынша 20 құжатқа қол қойды.

*****

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті Өзбекстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, өзбек көшбасшысының сайлаудағы сенімді жеңісі оның стратегиялық бағдарының жалпы халықтық қолдауға ие болғанын тағы бір мәрте дәлелдеді деп атап өтті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің бауырлас екі халық арасындағы көп ғасырлық достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға зор үлес қосқанын айтты. Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің мол әлеуетін толық жүзеге асыру және Орталық Азиядағы өзара сенімді нығайту мақсатында бірлескен жұмыстарды белсенді жалғастыруға дайын екенін нақтылады. Қазақ-өзбек қатынастарына іс жүзінде тың серпін беру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

*****

Интернеттің қолжетімді болуы – елдің цифрлық дамуындағы стратегиялық маңызды мәселе. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында осы тақырып қаралды. Жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша ведомство қандай жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етті.

*****

«Ішкі істер органдарын цифрландыру». Бүгін ОКҚ-де осындай тақырыппен брифинг өтті. Баспасөз конференциясында Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов көші-қон саласындағы цифрландыру мәселесіне тоқталды.

*****

Шетелдіктердің тарапынан еліміздің көші-қон заңнамасын бұзуға қатысты 14100-ден аса дерек тіркелген. 3600-ден аса шетелдік елімізде заңсыз жұмыс істеген. Ал өзге мемлекеттен келген 53 азамат қайыр сұрағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мұны ішкі істер министрлігі көші-қон қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бауыржан Омаров мәлім етті. Қазанның 11-і мен 18-і аралығында ел бойынша операция өткен. Полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді, құрылыс алаңдарын, базарларды, шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланатын ұйымдар мен жұмыс берушілерді тексеріп шыққан. Бұдан бөлек, бір апта ішінде ел аумағында 3125 қылмыс жасалған. Бұл туралы брифинг барысында министрліктің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты. Тәулік ішінде 2102 қылмыс ашылған.

*****

Алматы облысында 26 жастағы жас ана үшем дүниеге әкелді. Сәбилердің үшеуі де - қыз бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үшемдердің анасы - Көксу ауданының тұрғыны Ардагүл Әскербек. Ол - Талдықорғандағы қоғамдық-саяси «Алатау» газетінің тілшісі. Бұл басылымды белгі айтыстар ақын Айтақын Бұлғақов басқарады. «26 жастамын.Тұңғышым бес жаста. Бір қызым, екі ұлым бар. Бүгін міне үшемнің ата-анасы атанып, 6 балалы болдық», - дейді журналист, жас босанған ана Ардагүл Әскербек. Ақ халаттылардың айтуынша, сәбилердің жағдайы жақсы. Салмағы - 1 кг 900, 1 кг 800 және 1кг 700 грамм.

*****

Украинаның Харьков қаласында еліміздің ұлы ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ресми ашылу салтанаты өтті. Тасмүсін қаланың «Ойшылдар аллеясы» деп аталатын көрнекті алаңында триптих түрінде бой көтерді. Авторы – Украинаның халық суретшісі Сейфутдин Гурбанов. Ол туындыны «Өмір ағашы» деп атағаны. Триптих Абаймен бірге Украинаның халық ақыны Григорий Сковорода мен әзірбайжандық ағартушы әрі философ Мырза Фатали Ахундовты бейнелейді. Ескерткіштің жалпы биіктігі 4 метр, аллеяның ауданы – 2543 шаршы метр. Нысанның ашылу салтанатында сөз алған еліміздің Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Кәлетаев қала басшылығына игі бастама үшін зор алғысын білдірді.