Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 06.12.2021

Тәулік тынысы 06.12.2021

Қазақстан және Өзбекстан Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев шағын құрамда өткен кездесуден кейін екі елдің ресми делегациялары мүшелерінің қатысуымен келіссөзді кеңейтілген құрамда жалғастырды. Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік салалары бойынша кооперацияны дамыту мәселелеріне баса мән берді. Сондай-ақ су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастық мәселесі талқыланды. «Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда теңдессіз ілгерілеу бар. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 30 пайызға артып, 3 миллиард доллардан асты. Біз жуық арада сауда айналымының көлемін 5 миллиард долларға, ал одан кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Пікіралмасу нәтижесінде бұл қол жеткізуге болатын мақсат деген тұжырымға келдік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

*****

Елбасы Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевті өткен президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, бауырлас Өзбекстан халқының игілігі жолындағы жасампаз қызметіне жаңа табыстар тіледі. Елбасы бүгін екі ел басшылары қол қойған Одақтастық байланыстар туралы декларацияның маңызына тоқталып, Қазақстан мен Өзбекстан қатынастарының жаңа парағы ашылғанын атап өтті. «Бізді ортақ тарихымыз, мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз байланыстырады. Елдеріміздің арасындағы достық қарым-қатынастың маңызы зор. Ол туындаған мәселелерді шешуге септігін тигізеді – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

*****

Соңғы төрт жылда елімізде төтенше жағдай, табиғи және техногендік сипаттағы оқиғалар салдарынан 9 047 адам зардап шекті. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары, депутат Балайым Кесебаева айтты. «.Тек соңғы 4 жылда республика аумағында 56 783 төтенше жағдай мен табиғи және техногендік сипаттағы оқиғалар тіркелді. Материалдық залал 19,4 млрд теңгеге жетті», - деді Балайым Кесебаева Мәжілістегі «Азаматтық қорғау жүйесін дамыту туралы» тақырыбындағы Үкімет сағатында.

*****

Мемлекеттік аттестаттаудан мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 78 пайызы өте алмады. Бұл туралы Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова айтты. «Мектепке дейінгі ұйымдарда 2011 жылдан бастап лицензиялау жүргізілмейді. Бірақ, 2012 жылдан бастап мемлекеттік аттестаттау жүргізіледі. Бүгінгі күні мемлекеттік аттестаттау 81 мектепке дейінгі ұйымда өткізу жоспарланып отыр. Мемлекеттік аттестаттау жаңа форматының ерекшілігі – білім беру ұйымына бармай 5 жылда бір рет өзін өзі бағалау негізінде өткізу», - деді ол министрліктің аппарат жиналысында. Оның айтуынша, бүгінгі күні 81 мектепке дейінгі ұйымның 77-сінде мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. Бірақ, 78 пайызы аттестациядан өтпеді. Аттестатталмаған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басым бөлігі Алматы, Атырау, Солүстік Қазақстан облыстарында орналасқан.

*****

Қостанай өңірінде көмір тапшы. Бір адамға тек 5 тоннадан көмір беріліп жатыр. Облысы басшылығы бұл мәселені желтоқсанның екінші жартысына қарай толық шешпек. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов айтты. « Қараша айында біздің өңір көмір жеткізу бойынша жоспарланған кестеден қалып қойды, осыған байланысты облыстың кейбір аудандарында көмір жетпей жатыр», - деді облыс әкімінің орынбасары. Қостанай облысында қарашаның соңында 58 991 тонна көмір жеткізілген. Өңірдегі көмір тапшылығының басты себебі – ашық вагондардың жетіспеуі, сондай-ақ жөнелту стансаларындағы кідеріс. Желтоқсанда 64 мың 500 тонна көмір жөнелту жоспарланып отыр», - деп деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

*****

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы елдері ауған есірткісіне қарсы операция жүргізеді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты. «Қазақстанның төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі құзыретті органдар басшыларының үйлестіру кеңесінің 23-ші отырысы өтті. Бейнебайланыс арқылы өткен отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз елі, Тәжікстан және Ресейдің есірткіге қарсы құрылымдарының басшылары қатысты»,- деді Нұрділдә Ораз ІІМ баспасөз алаңында өткен брифинг барысында. Оның атап өтуінше, Ұжымдық қауіпсіздікке мүше мемлекеттердің 2021-2025 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясын іске асыру барысы талқыланды.

*****

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұйымдастырған «30 жыл 30 есім» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды. Телевизиялық жүлде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай соңғы 30 жылда әр салада жетістікке жеткен бірегей тұлғаларға табысталды. Байқау қорытындысы бойынша 10 аталымда үздік шыққандардың қатарында - медицина ғылымдарының докторы, академик Серік Ақшолақов, халықаралық дәрежедегі кардиохирург Юрий Пя, тіл жанашыры Асылы Осман бар. Сонымен қатар әнші Димаш Құдайберген, күйші Секен Тұрысбеков, тетар және кино актері Болат Әбділманов, Досхан Жолжақсынов; грек-рим күресінен Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, математик Асқар Жұмаділдаев, «QazVac» вакцинасын жасаушы ғалым Күнсұлу Закарья, жазушы-драматург Дулат Исабеков, ақын Ұлықбек Есдәулет марапатталды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінің телевизиялық нұсқасы 16 желтоқсанда «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетіледі.

*****

Бүгін «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Ак Барс» командасына қарсы өткізеді. Кездесу елорда уақытымен сағат 22:30-да басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Екі команда бүгінге дейін 41 мәрте шеберлік байқасты. Оның 7-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.