Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 07.12.2021

Тәулік тынысы 07.12.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қойды. Мәлімет бойынша, 2 236 сотталушы мен 11 310 пробацияда тұрғандарға амнистия жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады. 3 800 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1 294 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі азайтылады. Сотқа дейінгі тергеудегі 5 мың іс қысқарады. Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Ал, аса ауыр қылмысқа барған азаматтар рақымшылыққа ілікпейді.

*****

Бүгін Президент «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсіміне бейнебайланыс режимінде қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Алтын сапа» байқауы 15 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және бүгінге дейін 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері атанғанын айтты.

*****

Жалпы, алдағы 4 жылда елде 500-ге жуық индустриалды жоба іске асады. Бірақ өнеркәсіп саласында білікті кадр тапшы. Бұл индустриаландыру үдерісін тежейді. Осы өндірістерге қажет кадрларды даярлау ісімен Үкімет қазір айналысуы тиіс,-деген Мемлекет басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы тағы бір жылға ұзартылатынын мәлімдеді.

Тәуелсіздік жылдары елімізде 1500 кәсіпорын ашылды. Үздіктері Президент сыйлығына ілігеді. Биыл «Алтын сапа» конкурсында «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба» номинациялары бойынша бас жүлде берілді және «Парыз» байқауында тағы екі компания үздік атанды.

*****

Сонымен қатар, «Қазақстандық жаһандық инвестициялар жөніндегі төртінші дөңгелек үстел» барысында елімізге инвестиция құйған шетелдік компаниялар марапатталды. Жалпы Тәуелсіздік жылдарында республикаға 376 млрд доллар шетел қаржысы тартылды. Халықаралық резерв 90 млрд доллардан асты. Бұл дағдарыс және нарықтағы құбылмалы жайт орын алған кезде экономика тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жылдың 9 айында еліміздің жалпы ішкі өнімі 3,5 пайызға артты. Өндіріс пен құрылыс секторы өсімнің негізгі көшбасшысына айналып, өзінің орташа көрсеткішнен асып түсті.

*****

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жолдау аясында аймақтың дамуы туралы есеп берді. Әкімнің сөзінше, биыл өңірге 350 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Соның арқасында кәсіпорындар 530 млрд теңгенің өнімін шығарды. Сонымен қатар, облыста жолдар жөнделіп, тұрғындарды ауыз су және көгілдір отынмен қамтамассыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде,-дейді Бердібек Сапарбаев.

*****

Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен телевизиялық жобалар құруы мүмкін. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Өзбекстан Республикасы кинематография агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухаликовпен осы мәселені талқылады. Кездесу барысында олар өз елдеріндегі кинематография саласының жай-күйін әңгімеледі. Сонымен қатар, екі елдің телеарналарында көрсету үшін кино өнімдерімен алмасу, бірлескен телевизиялық жобалар құру мәселелерін қарастырды. Жүздесу қорытындысы бойынша тараптар саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдірді.

*****

"Қазақ радиосы - халықтың үні".

Бүгін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, радио ардагері Ғалия Балтабайдың жаңа кітабы таныстырылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақ радиосының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға радио басшылары, ардагерлері, қызметкерлері қатысты. Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы келешек ұрпақтың бұл кітапты оқып қана емес, содан тағылым алатынына сенім білдірді.

*****

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында БАҚ қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» халықаралық конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Конкурс Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін насихаттауға, Елбасының идеялары мен бастамаларын ілгерілетуге бағытталған. 5 номинация бойынша өткен байқаудың «Үздік радиоматериал» аталымы бойынша Қазақ радиосының журналистері Салтанат Сәдібекова 1-ші, Алмира Елімсарина 2-ші орынды иеленді.