Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 21.12.2021

Тәулік тынысы 21.12.2021

Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Румыния Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Алина-Штефания Горгиу бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Нұрлан Нығматулин жүздесу барысында Румыния Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған Еуропадағы алғашқы мемлекеттердің бірі екенін және маңызды саяси, экономикалық серіктес ел екенін атап өтті. Палата Спикерінің айтуынша, Қазақстан мен Румыния арасындағы қарым-қатынастарының қалыптасуы мен дамуындағы шешуші рөлді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атқарды, бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Румыниямен әріптестікті кеңейтуге үлкен мән береді. Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Алина Горгиудың елімізге сапары парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және мемлекеттер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қуатты серпін беретінін айтты. Өз кезегінде, Румыния Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Қазақстан – Румыния үшін маңызды серіктес ел екенін және парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

*****

Қазіргі уақытта еліміздің 4,7 пайызын орман алқабы алып жатыр. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 процентке жеткізу көзделген. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов ОКҚ-де өтіп жатқан брифингте осылай деді. Оның айтуынша, биыл 130 млн түп ағаш отырғызылған. Сондай-ақ министр Арал теңізі маңына сексеуіл отырғызу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі киік саны 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көбейгенін тілге тиек етті.

*****

2022 жылдың қаңтар айында қазақстандықтар 13 күн демалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жылдың соңғы күні 31 желтоқсан – жұмаға сәйкес келеді және жұмыс күні болып есептеледі. Елімізде қаңтардың 1 мен 2-сі күндері Жаңа жылға орай ресми түрде демалыс күні саналады. Ал 2022 жылдары бұл күндер сенбі мен жексенбіге дөп келіп тұр. Демек, 3-і мен 4-і дүйсенбі мен сейсенбі де қазақстандықтар үшін демалыс болады. Өйткені, мереке күндері сенбі мен жексенбіге тура келгенде демалыс келесі күндерге созылады. Қазақстанда 2 діни мереке күндері демалыс деп жарияланған. Келер жылдың 7 қаңтары Рождество мерекесі жұма күніне түсіп, 7, 8, 9 қаңтар демалыс күні болады. Осылайша жалпы сенбі-жексенбі күндерін қосқанда, қазақстандықтарды қаңтар айында 13 демалыс күні күтіп тұр.

*****

Ыстанбұлда тұратын қазақтардың ең көп шоғырланған ауданы Зейтінбұрныда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жиын өтті. Жырақта жүрсе де, атамекендегі мерекелер мен айтулы күндерді қалт жібермейтін қандастарымыз шағын да болса, мағыналы кеш ұйымдастырды. Басқосуда сонау Алтайдан көшкеннен бастап азаттық алғанға дейінгі қазақтың тарихы мен соңғы 30 жылда жеткен жетістіктері сараланды. Сондай-ақ осы кеште журналист Гүлназ Кәрімжанның «Қандастар» кітабы таныстырылды. Мимар Синан университетінің профессоры, тарихшы Әбдіуақап Қараның айтуынша, Түркияда тұратын қандастарымыздың өткені мен бүгіні туралы жан-жақты мағлұмат беретін кітапқа арқау болған - осында тұратын ағайынның басынан өткен оқиғалары.

*****

«Qazaqstan» телеарнасы «Қаныш. Қазына» телехикаясын ұсынады. Туынды қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолына негізделген. 6 бөлімді телехикая ұлы тұлғаның бізге беймәлім қырларын кеңінен ашатын сан қилы оқиғалар желісінен тұрады. Түсірілім Нұр-Сұлтан, Алматы, Жезқазған және Сәтбаев қалалары мен Қарсақбай кентінде өткен. Сериалда XX ғасырдағы қазақ жұртының сан қилы тағдыры, мақсат-мүддесі, индустрияландыру ісін шетелдерден тәуелсіз етіп, өз жерімізде қарқынды жүргізуге және кен өндірісін игеруге қарай басқан қадамдары көрсетіледі. Қазақ даласындағы саяси қарым-қатынас, достық, сатқындық, мүдделер қақтығысы, қым-қуыт оқиғалар, ұлттық тұтастық – туындының негізгі өзегі. Туындының режиссері - Ерлан Нұрмұхамедов, сценаристері - Әмір Әменов, Ален Рахметалиев, басты кейіпкерді Әсет Есжан, ал Таисия Кошкинаны (Сәтбаева) Анна Оразбаева сомдайды. Эфир уақыты: 27 желтоқсаннан бастап 20:35-те.