Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 21.04.2022

Тәулік тынысы 21.04.2022

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысымен танысты. Бұдан кейін  Президент аталған құрылымның  30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысып, сала қызметкерлерін құттықтады. Олардың  еңбегіне табыс тілеп, бірқатарын мемлекеттік наградалармен марапаттады.    Қасым-Жомарт Тоқаев  Мемлекеттік күзет қызметіне айрықша жауапкершілік жүктелгенін атап өтті.

*****

Елімізде ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау үшін сақтандыру сыйақыларын мемлекеттік субсидиялау көлемі ұлғайтылады.  Бүгін Үкімет үйінде Премьер-министр Әлихан Смайылов дағдарысқа қарсы қосымша шаралар жөнінде кеңес өткізді.  Онда отандық компаниялардың одан әрі дамуы мен әкімшілік жүктемені төмендету үшін  жаңа қолдау шаралары талқыланды. Осылайша, мемлекеттік сатып алу аясында өз міндеттемелерін орындау кезінде форс-мажорлық жағдайға тап болған компанияларды Жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізбеу тетіктері пысықталады. Сондай-ақ елімізде шығарылатын ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін кеңейту туралы ұсыныс қолдау тапты.  Премьер-Министр осы  шараларды жүзеге асыру мәселелерін реттеуді тапсырды.
*****

Сонымен қатар, бүгін  Үкіметте лотерея қызметін реттеу мәселесі талқыланды.  Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен кеңесте  қоғам өкілдерін тарта отырып, заңсыз ойын орындарын анықтау бойынша рейдтер жүргізілетіні айтылды. Бұл ретте интернет-казиноны ұйымдастырған азаматтар үшін жауапкершілік белгіленеді.   Яғни оларға қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салынады. Бұдан басқа Ералы Тоғжанов   казиноларда, ойын автоматтары залдарында, букмекерлік кеңселерде несие карталарының көмегімен төлемдерді жүзеге асыруға тыйым салып, құмар ойындарға тәуелді азаматтарды анықтап, оларды оңалту жүйесін әзірлеуді тапсырды.

*****
Халықтың мәселелерін енді Ұлттық құрылтай шешетін болады. Жаңа құрылатын қоғамдық институттың мақсаты мен міндеттерін бүгін депутаттар мен саясаттанушылар Сарап клубының жиынында талқылады. Онда мемлекеттің қауіпсіздігіне әсер ететін демографиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге ерекше ден қойылмақ. Және рухани мәселені шешуде ауқымды шаралар атқарылады. Құрылтайдың жұмысы өңірлерде де жанданады.  

*****

Мамандар Павлодардағы мектепте тұтанған өрттің шығу себебін тексеруге кірісті.  Қызыл жалын 1200 шаршы метрге жуық аумақты шарпыған. Төрт қабатты ғимараттың шатыры мен екінші қабаты жанған. Өрт физика кабинетінде тұтанған, оны мұғалім өз күшімен сөндірмек болғанымен, онысынан ештеңе шықпаған. Осыдан кейін  оқушылар мен мұғалімдер, барлығы 600-ге жуық адам сыртқа шығарылды. Бір мұғалім ыстан уланып, ауруханаға жатқызылған.  Павлодардағы мектептің өртенуіне қатысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те пікір білдірді.  Оның айтуынша, қазір ғимараттың өзіне толық тексеру жүргізіледі. Тиісті қызметтер өрттің себебін анықтайды. Егер әрі қарай оқуға еш қауіп болмаса, балалар оқуын жалғастыра алады. Әзірге олар уақытша қашықтан оқи береді. Ал ғимараттың жарамсыз екені анықталса, әкімдік оқушылардың оқуын басқа ұйымдарда жалғастыру шараларын қарастырады. Сонымен қатар, министр таяуда балабақшаларға қатысты талаптар өзгеретінін, жеке меншік балабақшалардың лицензиясын қайтару үшін заңға толықтыру енгізу керектігін жеткізді.  
*****

Тұрмыстық зорлық –зомбылықтан зардап шеккен жандар әйел -тергеушілерге көберек сенеді.  ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов осылай деді. Оның айтуынша,  жәбірленуші әйелдердің басым бөлігі әлеуметтік оңалтуға жіберіледі. Бүгінде осындай  49  дағдарыс орталығы жұмыс істейді.
*****

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың 98%-дан астамы жазылып шықты. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев айтты. Ресми өкіл таратқан мәліметке қарағанда, елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты, тәулігіне 20-ға дейін инфекция жұқтыру дерегі тіркеледі. Осылайша,  індеттің таралу коэффициенті де төмендеді.  Науқастардың 98%-дан астамы сауығып шықты. Соңғы айда  инфекциялық  орын жүктемесі 2 есеге, реанимациялық төсек жүктемесі 3,5 есеге азайған.
*****

Елдің бірқатар өңірінде күн суытады. Ертең Қазақстанның басым бөлігінде екпінді жел соғады.  Антициклонның әсерінен солтүстік аймақтарда қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасы 3-8 градусқа дейін суық болады. Елдің батысында қатты жаңбыр жауады, ал  шығыстағы жаңбырдың соңы қарға ұласуы мүмкін. Бірақ оңтүстік өңірлер үшін ауа райы әлі де қолайлы болады. Найзағай жарқылдап, өткінші жаңбыр жауса да,  жылы ауа массаларының әсерінен  жоғары температура фоны сақталады.