Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 25.05.2022

Тәулік тынысы 25.05.2022

Мемлекет басшысы әлемдегі ірі Binance криптобиржасының негізін қалаушы әрі бас директоры Чанпен Чжаоны қабылдады, деп хабарлайды Ақорда. Кездесу барысында еліміздің салалық құрылымдары мен Binance компаниясының арасында цифрлық қаржы саласындағы, блокчейн технологиясы бағыты бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастықтың ұзақмерзімді перспективалары, сондай-ақ Қазақстанда криптоиндустрияның өңірлік хабын құру мәселесі талқыланды. Кездесу соңында Президенттің қатысуымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Binance компаниясының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

*****

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Қырғыз Республикасына ресми сапармен барады деп күтілуде. Бішкектегі кездесулер барысында қос елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр, - деп хабарлайды Ұлттық арна. 2020 жылы елдер арасындағы сауда-саттық 850 миллион доллар болса, былтыр 1 миллиардқа жуықтаған. Қазақстан 625 миллионға тауар сатып, Қырғызстаннан 345 миллион доллардың заты импортталған. Биылғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 3 пайызға өскен. Президенттер кездесу қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасайды деп күтілуде. Бұдан бөлек 14 құжатқа қол қойылады деп жоспарланған.

*****

Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Жиында Премьер-министр 5G-ді енгізу бойынша тапсырмалар берді. Айта өтейік, 2021 жылы жеке операторларға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте 5G технологиясын тестілеу құқығы берілді. Премьер-Министр 5G желілері үшін жиіліктерді бөлу тетіктерін қосымша пысықтауды және жаңартылған ұсыныстарды Комиссияның қарауына қайта енгізуді тапсырды.

*****

Бүгін Мәжілісте «кейбір заңнамалық актілерге көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат қабылданса Қазақстан Республикасының 4 кодексі және 16 заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, заң жобасында 15-18 жастағы жасөспірімдер жолақының 50 пайызын ғана төлейді деп жазылған. Сондай-ақ құжат көпбалалы аналар, бірінші топтағы мүгедектердің тегін жол жүру құқығын көздейді.

*****

Ақтөбе облысына референдумды түсіндіру мақсатында жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары Бауыржан Қаниев пен Мұхтар Жұмағазиев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің  профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті. Алдымен сенаторлар оқу орнының тұрмыс-тіршілігімен танысып, университет басшылығымен тілдесті. Одан кейін университет ғимаратында өткен кездесуде Мәжіліс депутаттары 5 маусымда өтетін республикалық референ­дум­­­ның маңыздылығына тоқталды. Елімізде Конституция екі жолмен өзгереді: бірі – референдум, екіншісі — Парламент арқылы. Бұған дейін Ата-заңымызға Парламент арқылы төрт рет өзгерістер енгізілді. Ал биылғы референдумда Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізу жоспарланып отыр. Бүгінгі басқосуды пайдаланып, баршаңызды осы саяси маңызды шараға атсалысуға шақырамын, - деді сенатор Бауыржан Қазиев.

*****

Бүгін мектеп бітірушілер үшін соңғы қоңырау соғылды. Ел бойынша 170 мыңнан астам оқушы алтын ұяларымен қоштасып, үлкен өмірге қанат қақты. БҒМ Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтандағы №75 мектепте өткен соңғы қоңырау шарасына қатысты. Ата-ана, ұстаздар мен түлектерді құттықтады. АА айтуынша биыл 8 мыңнан астам түлек «Алтын белгіге» үміткер. Түлектерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілген. Әрі грант саны 15 мыңға артып, 73 мыңға жетіп отыр.
*****

Күлтегін ескерткішіне арналған мәтіндер жинағы әлемнің 14 тіліне аударылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Бүгін елордада бұл туынды қалың көпшілікке таныстырылды. Еңбек әзербайжан, моңғол, неміс, татар, қытай, француз тілдерінде жарық көрді. Жинаққа Күлтегін кешеніне қатысты тың ғылыми мәліметтер, мұрағаттағы тарихи құжаттар мен сызбалар енген.