ҚазҰУ-да халықаралық қатынастар саласы мамандарының I форумы өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазіргі халықаралық қатынастар және дипломатия: Қазақстан Республикасының рөлі мен орны» атты халықаралық қатынастар саласы мамандарының І форумы өтті.
Форум аясында халықаралық қатынастар факультетінде «ҚР Сыртқы саясаты және дипломатия залы» мен «Сараптама орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саясаты және дипломатияға қатысты кітаптар мен фотокөрме ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – әлемдегі геосаяси өзгерістер дәуірінде Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын талқылау, ұлттық дипломатияның басым бағыттарын айқындау және халықаралық қатынастар саласындағы негізгі тенденцияларды талдау.
Жиынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР төтенше және өкілетті елшісі, АӨСШК әскери-саяси өлшемдегі сарапшы Дулат Қуанышев, Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Кестутис Янкаускас, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы басшысының орынбасары Исламбек Райымов, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Алматы қаласындағы өкілі Властимил Самек, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Оразалы Сәбден, дипломаттар, шетелдердегі өкілдер, сарапшылар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.