Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

«Ұлы Қазақстан» деп атап, мақтана аламыз ба?

«Ұлы Қазақстан» деп атап, мақтана аламыз ба?
«Алтын жүректің иегері»
«Айқын» атты газет «Жиырма төрт жылдың ішінде жиырма төрт баланы дүниеге әкелдім» деген үлкен сұхбат жариялады (15 ақпан, 2008 ж).
«Баланы жоспарлау» дегенді қайдан шығарғандарын білмеймін», – дейді «Алтын жүректі» Ана Камаш Сейітжанова.
Бала тууды тұншықтырып, біреуден асырмау, жарасса, Қытай сияқты миллиардтаған халқы бар елдерге жарасатын шығар.
Ал біз қазақтар, неменеге жетісіп бала тууды қолдан шектейміз?! Жер жетпей жатыр ма? «Қой егіз тапса, шөптің басы айыр шығады» дейді даналар.
Қазақ баланы көптігінен асырай алмай, алақан жайып қайыр сұрап жүрген жоқ бұл заманда.
«Бала тууды жоспарлау» дегенді шығарып жүргендер — табиғат заңына, Құдайдың құдіретіне қарсылар.
Ондай «белсенділер» түптің түбінде Жаратқан Құдіреттің қаһарына ұшырайды.
Одан да Камаш Сейітжанова сынды «Алтын жүректі» Ананың асыл сөзіне құлақ түргендер мұратқа жетеді:
«Бала туыңдар!
Қазақтың санын көбейтіңдер! Сонда ұдайы жасарып жүресіңдер!» – деді ғой «Алтын жүрек» Ана.
Құлақ асқан қор болмайды.
Құлақ аспаса, сол жаман.
Бір кем дүние.

Әдебиет жас таңдамайды
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында бір жиналыста Ғабит Мүсірепов былай деді:
– Соңғы он жылда әдебиетті екіге бөлу әрекеті шықты: шалдар, жастар деген. Әдебиет — орман. Қайыңы да, емені де бар. Жел тұрса, құлайтыны да бар.
Содан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өтті. «Шалдар», «жастар» деп әдебиетті екіге бөлу өрши түскен сыңайлы.
Бірақ өмірдің өзі көрсетіп келе жатқандай, әдебиет жас таңдамайтынын дәлелдеп келеді.
Сол Ғабит Мүсіреповтің өзі сексеннен асқанда «Ұлпанды», «Жат қолындағыны» жазды. Тахауи Ахтанов алпысқа таянғанда «Антты», «Шырағың сөнбесінді», Әбдіжәміл Нұрпейісов «Соңғы парыз» романын тәмәмдады.
Әдебиетке «шалдар», «жастар» деп шекара қою қолайсыз болар.
Әдебиет арбасына екеуі де жегіледі.
Бөліп-жару — бір кем дүние.
Мәңгі, мәңгі...
Осы аса қымбат, аса қасиетті сөзді кейбіреулер жөн-жосықсыз, орынсыз қолдана береді.
Бір әдемі әуенде:
Таңғы елес, таңғы елес,
Бұл өмірде ештеңе де
Мәңгі емес... – делінеді. Шындық осы.
Бір Алладан басқа мәңгі ешнәрсе жоқ.
Ұлы Абай айтқан: «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек».
Бір кезде Ленинді, Сталинді мәңгі-мәңгі жасайды деп қоғадай жапырыла мадақтадық.
Енді ескерткіштерін талқандап, құлатып тастадық.
Мәңгі өлмейтін тек Жаратқан Құдірет, Жасаған Ием!
Мәңгілік деген Күн де бір заманда сөнбекші.
Бір кем дүние.

Алақандай аралда...
Өздерінің алақандай аралын жапондықтар «Ұлы Жапония» деп атайды. Бесіктегі балаларына дейін осы ұғымды олардың миына құйып өсіреді.
Ал Жапониядай талай мемлекет сыйып кететін Қазақстанды «Ұлы Қазақстан» деп атап, мақтана аламыз ба?
Жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, «біз жиылсақ — көппіз, жайылсақ — жоқпыз» ғой.
Қасиетті кітапта «адамдарды шашырататын мезгіл бар, жинап алатын мезгіл бар» деп жазылған.
Біздің қазақты тағдыр талай рет шашыратты: жойқын соғыстар, отаршыл қорлықтар, қолдан жасалған ашаршылық (геноцид), т.б.
Енді, Алла қолдаса, шашылғанды жинайтын, қирағанды жаңартатын, қисайғанды түзететін кезең келді. Ол үшін өсім керек.
Бірақ өсім аз.
Бір кем дүние.

Өгей жандар
«Өзге ұлттың орыстанған өкілдері шовинистікке келгенде орыстардың өзінен асып түседі» (Ленин).
«Қазақша сөйлемейтін қазақтар — анасын буындырып өлтіргендер». (Жабал Ерғалиев, «Көкшетау» газетінің бас редакторы)

Ұят-ай!
TV-дан бір журналист:
Елу жылда — ел жаңа,
Қырық жылда — қазан, –
деп соқты. Масқара! (26. 12. 2007ж.)

Ұзақ жасаушылар
Көктемнің көкөзегі. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы.
Солтүстікте қыс ұзақ.
Оңтүстікте көктем кемеліне келді.
Астананың қысы созылыңқы. Кешке қарай қарғалар қаланың терістік жағынан оңтүстігіне қарай қаптай ұшып, Есіл өзенінің солтүстік беткейіндегі парк орманына барып қонақтайды.
Бұл көріністі мен Кенесары ескерткішінің жанында отырып байқаймын.
Бір қарға көп қарғалардан бөлініп, ескерткіштің тұғыртасына әлдекім шашып кеткен бидайды байқап қалып, екі шоқып, бір қарап, қу құлқынның қамымен отыр.
Екі шоқып, бір қарағанда, күдіктісі мен, маған қарайды. Мен оған тиіскім келмейді. Қайта онымен сөйлессем деймін. Қарға тілін білмеймін. Құданың құдіреті, сонда әлгі қарға адамша сөйлеп тіл қатады:
– Қарр-қарр, неғып жалғыз отырсың?
– Жай отырмын. Сен басқалардан бөлініп қалғаныңа таң қаламын.
– Оның несіне таң қаласың? Кейінірек барсам да, бір бұтақ бұйырады. Ал мына жемді қалай қиып кетесің?!
– Басқалар байқамағанды сен көріп қойдың.
– Басқалар көбісі сары ауыз балапандар ғой. Мен бәрінен үлкенмін.
– Қаншадасың?
– Қарғалар үш жүз жылға дейін жасай береді. Мен соның екі жүзін жасадым. Мен әлі жас кезімде мына батырдың соғысын көрдім, – деп кәрі қарға ұшып барып, Кенесарының иығына қонып отырды.
– Шын айтасың ба?
– Қарғалар өтірік айта алмайды. Мен көрген Кенесары сонда сонау Қараөткелдің тұсынан арғы беттен шабуылдап, Ақмола қамалын басып алған. Қалың қолдың талайы Есілге батып кетті. Орыс қамалынан Кенесары әскеріне қарсы зеңбірек пен мылтықтан оқ жауды. Ал Кенесары әскерінің қаруы – найза, қылыш, дойыр қамшы...
Зеңбіректің гүрсілінен шошынған біз, қарғалар, анау қалың орманға барып тығылып, соғыс сойқанын байқап отырдық. Солай...
Қарға үндемей қалды.
– Одан әрі не болды?
– Не болғанын өзің де білесің. Несін сұрайсың? Мылжың болма.
Мен бұйырса, әлі жүз жыл жасаймын. Ал мына Кенесары мың жыл осылай тұра береді.
Осыны айтты да, кәрі қарға арғы беттігі орманға қарай қалбаңдап ұша жөнелді.