«Сағыныш, мен шықпаған биік пе едің?»

«Сағыныш, мен шықпаған биік пе едің?»

Қазақ радиосындағы «Қауырсын ғалам» хабарының кезекті саны жас ақын – Әлия Іңкәрбектің шығармашылығына арналды.

Қолымыздағы топтама өлеңдерді оқи отырып, автордың өзімен жақын танысқандай болдық. Автор – Әлия Іңкәрбек, өлеңге мінезімен, дара дауысымен келген ақын ретінде қуантады. Айналасы екі-үш жылдың ішінде екі жыр жинағын оқырман назарына ұсынған жас ақынның ізденісі де, өлеңдерінің көркемдік-поэтикалық күш-қуаты да сүйсінтеді. Біздің қолымызға тиген жас ақынның өлеңдеріне шолу жасап өтсек:

       «Ақиқат» өлеңі ақынның ішкі жан дүниесін бейнелеген. Автор ақындық таланттың бақыты мен қасіретін паш етеді. Әсерлі туынды көпшілік оқырманға ерекше әсер береді.

 «6 сәуір» өлеңі махаббат лирикасының бір үзігі. Өлеңде ғашықтық сезімге бөленген жастың мұңы мен өкініші, сағыныш сезімі көрініс тапқан. Нәзік сезімдердің азабы да, қасіреті де өлең тақырыбына арқау болған.

           «Ақталу» өлеңінде қосылмай қалған ғашықтардың тебіренісі сезіледі. Бұл махаббат лирикасында автор сүйгеніне ақталып, кешірім сұраған жанның ішкі диологын ашық жазған. Тебірентеді.

        «Өлеңге ода» өлеңінде автордың өлең құдіретіне деген шексіз қошеметі көрінеді. Ақын өлеңмен сырласады, оған табынады. Өлеңсөздің тылсым күшіне тамсана қарау арқылы оқырманға да бұл өнердің кереметін түсіндірмекші болады.

        «Әлия» өлеңі ерекше шығармашылық тапқырлықпен жазылған өлең. Автор өлеңсөздің құдіретіне, музаға деген құрметін «Дариға», «Әлия» деген қыз есімдері арқылы алмастыруы оқырманды ойландырады.

         «Адасу» өлеңі ақындықдың қасиетін жырлаған туынды. Автор талант иесінің қоғамнан ерекшеленетін жаратылысын оқырманға суреттейді. Ақын үшін «адасу», қоғамнан бөліну – жаңа жырдың тууына себеп болатын құбылыс. 

          Әлия Іңкәрбектің өлеңдеріне іңкәр оқырман аудиториясы қалыптасқанын көріп те, байқап та жүрміз. Бұл, әрине, жақсы іс дер едік. Жас ақынның кейбір өлеңдерінде шалыс кеткен тұстары да бар. Бірақ, бұл келе-келе жұмырланып, шымырланып кететін ұйқасқа айналарына сенеміз. Өйткені, Әлияның табиғатында тазалық бар, сол тазалық оны шығармашылық биікке жетелейді. Ақынға қояр талап та сол – балталаса бұзылмайтын, қайшыласа қиылуға келмейтін берік ұйқас, шымыр шумақты мінезді жырыңды өз болмысыңмен, өз жаныңмен жаза бер деу ғана болмақ.

Пікір иесі — əдебиет сыншысы Елдос Тоқтарбай.

 АҚ И Қ А Т

Бағынбай өткен уақытқа,

Таланттың неге "досы" көп?

Бірінші болу бақыт та,

Бірінші болмау – қасірет.

 

Ақынның тоқтап сөзіне,

Өр мінезіне таң қалған.

Өлең боп өтсең өзің де,

Өмірде басқа бар ма арман?

 

Күн көрсе мені болғаны,

Кім көретіні мұң бе екен?

Ғұмыр-ай, талас сор-бағы,

Қасыңнан сенің күнде өтем...

 

Əріпке қосып əріпті,

Жандауам менің осы деп.

Бірінші болу – қауіпті,

Бірінші болмау – қасірет!

 

6 С Ə У І Р

Қарашы, жауып тұрған қар ма мынау,

Көктемім, тағы мені алдадың-ау!

Он тоғыз, қимасым ең қиядағы,

Шынымен, менен кетіп қалғаның ба-ау?!

 

Сағыныш, мен шықпаған биік пе едің,

Жамадым кеудемдегі күйікке мұң.

Біреуден дəл осылай көңілім қап,

Біреуді дəл осылай сүйіп пе едім?

 

Ұлпадай көзден көзге ұшады бақ,

Жанардан жас үзілмей құса қылмақ.

Мен кеттім жиырмамен қол ұстасып,

Қалды ол естелігін құшағына ап.

 

Көрші өзің, жауып тұрған жан бөлшегін,

Мазаңды алған екем əбден сенің.

Қош енді, бар күнəңді жуайыншы,

Мезгілсіз жауған осы қармен сенің!

 

АҚ Т А Л У

Селт еткен сиқыр сезімнің тұрағын көрдім,

Қолдағы бардың қадірін, сірə, білер кім?

Санаңда ескі естелік жаңғырса тағы –

Кінəлі менмін.

 

Жұлдызбен жырын аспанға жазыпты дегін,

Өткенді аңсап бұлқынса нəзік жүрегің.

Сенің көгіңнің күні боп шуақ шашпасам,

Жазықты өзің.

 

Жалғыз мен емес жасырған күліп қайғысын,

Секемшіл адам көңілін құлыптайды шын.

Ұмытамын деп барлығын кетіп ең үнсіз,

Ұмытпаймысың??!

 

Жан едің жалғыз алақан жайып сұраған:

Бақытын бүкіл жалғанның лайықты маған.

Тағдырымыздың тоғыспас жолдары үшін – 

Айыпты ғалам!

 

ӨЛ Е Ң Г Е  О Д А

Қайырмасыз қалып қойды əнім кей,

Неге адам сүйеді осы үздігіп?

Өлеңіне табынды деп Тəңірдей,

Жазғырады бізді жұрт!

 

Айыптасын!

Бағынамын заңға қай,

Шектен шықпау жат маған!

Ынтық болып қалыппын деп аңдамай,

Кімге барып ақталам!?

 

Күнін кешіп өтермін мен арлының,

Жек көр, мейлі, жасыт мың.

Мен өзіңе ұқсайтынның барлығын,

Бауырыма басыппын,Өлең!

 

ӘЛ И Я

 

    «Муза»  дер мұңды  ақынның бәрі,

 Менің есімім – Дариға...

                                               Мирас Асан

 

Музаны Мирас Дариға деді,

Өмірден іздеп көр енді..

Дариға десем тани ма деді,

Қаламындағы Өлеңді.

 

Ақ қысы жетсе тірліктің тағы,

Жаныңды аяз қари ма?!

Жыр үшін тамды кіндіктің каны

Мәлім ғой саған,Дариға.

 

Өлеңге шөлдеп көп күнің өтті,

Бұлдануға да хақың бар.

Жердің бетінде жоқ құдіретті

Талап етті ме ақындар?!

 

Олардың жаны табиғат еді,

Көктеммен бірге көгерді...

Музаны Мирас Дариға деді,

Әлия дедім Өлеңді!

 

АД А С У

Табатұғын таудан мін,

Тамшыдайын тамдым ба?

Мен жоғалтқан жандардың

Жүрегінде бармын ба,

Тілегінде бармын ба?

Естимісің үнімді

Бұл өмірде бармын ба?

 

Жүзе алмасаң ой – теңіз,

Батырады құрдымға.

Көз алдыңда күлімдеп,

Не мұңайып тұрмын ба?

 

Сабылдырған сезімді,

Батыл едім кеше мен!

Танымаспын Өзімді

Көріп қалсам көшеден...

 

Күндер өтті, мен өттім

Маңайынан сəттердің.

Қашып жүріп қауымнан,

Жалғыздыққа тап келдім.

 

Жазылады жыр тағы,

Күтпесе егер қайғы алдан.

Жүректердің сұлтаны –

Менен теріс айналған,

Мəңгі мені жоғалтып

Алатынын білмеді...

Таныр екен кім мені,

 

Табар екен кім мені??!