Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Астаналықтар оқып шыққан кітаптарын алмастыра алады

Астаналықтар оқып шыққан кітаптарын алмастыра алады
«Astana Kitap Fest» аясында демалыс күндері Астанада ашық аспан астында қоғамдық кітап сөресі ұйымдастырылды. Тұрғындар қалауынша ұсынылған кітаптардың ішінен өзіне ұнағанын таңдап, оқып шыққан кітабын алмастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Кітап фестивалі Астана қаласы әкімдігінің, ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы және Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өтті.

Елордадағы алғашқы «Astana Kitap Fest» фестивалінің мақсаты – халық арасында кітап оқуды дәріптеу, қалалықтардың кітап мәдениеті деңгейін жоғарылату.  

«Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінованың айтуына қарағанда, мұндай сөрелер қалалықтар үшін таңсық дүние емес. Астананың көптеген сауда орталықтарында жұмыс істейтін қоғамдық кітап сөрелері бүгін халықтың жақсы бағасын алып үлгерген.

«Біздің Қауымдастықтың бастамасымен Астанада былтырдан бастап «Вolashak books» жобасы іске асырылып келеді. Бұл – әлеуметтік білім беру жобасы. Бүгінгі таңда қоғамдық кітап сөрелері «Сарыарқа», «Ханшатыр», «АжарMall», «Азия парк», «Керуен» сияқты сауда орталықтарында бар.  Кітаптар қашанда қолжетімді бола бермейді ғой. Біз жастардың тегін оқу, даму, жаңашылдықтарды тану мүмкіндігінің бар екендігін көрсін дейміз. Табысты түрде жүзеге асып жатқан жоба болашақта да өз жалғасын табады», - дейді Лаура Демесінова.

Сонымен қатар, «Astana Kitap Fest» кітап фестивалінің аясында қала тұрғындары мен қонақтары түрлі салада зор жетістіктерге қол жеткізген танымал тұлғалармен кездесті. «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев, «Дарын» академиясы мен «Жастар» футбол клубының негізін қалаушы Әділ Игембердиев пен «Томирис» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын Bookdating алаңында жиналғандарға өздері тамсана оқыған кітаптары, сүйікті авторлары жайлы айтып берді.

Айта кетейік, Book Dating аясындағы мұндай шаралар елордада үш жыл қатарынан өткізіліп келеді.