Астана - 101,4FM

Жаңалықтар

Жаңалықтар

Бұдан былай сыбайлас жемқорлық дәйегі расталған ұйымның бірінші басшысы он күн ішінде отставкаға кетуге міндетті. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға енгізілген жаңашылдық осы. Мамандар мемлекет басшысы қол қойған құжаттың елдегі пара алу мәселесін азайтады деген сенімде. Елордада жыл басынан бері түрлі салада 40-тан аса сыбайлас жемқорлық қылмыстары анықталған. Оның ішінде жергілікті атқарушы органның 2 лауазымды тұлғасы сотталды. Бүгін бас қалада сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша 10 іс қаралды.

***

Энергия-сервистік келісімшрат жобасы 5 млрд теңгеге дейін қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов айтты. Бүгінгі күні энергия үнемдеу картасы аясында 117 жоба, оның ішінде 56 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің энергия-сервистік келісімшарт тетіктері арқылы 58 жоба жүзеге асырылып жатыр. Күтілетін үнем сомасы 4 млрд 800 млн теңгені құрайды.

***

Байқоңыр ғарыш айлағында 2020 жылғы ұшырылымға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ондағы «Союз-2» зымыран-тасығышын OneWeb британиялық спутниктік жүйесінің ғарыш құрылғысымен орбитаға шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы Роскосмостың баспасөз қызметі хабарлады. «Союз-2» зымыран-тасығыштары Байқоңыр ғарыш айлағынан, Восточный және Гвиан ғарыш орталықтарынан OneWeb ғарыш жүйесінің 573 байланыс спутнигін 21 рет ұшырады.

***

АҚШ президенті Дональд Трамп кенеттен Ауған жеріне іссапармен барды, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл оның президент ретінде Ауғанстанға алғаш рет келуі. Трамптың бұл жоспары жайында алдын ала хабарлаған жоқ. «Рейтер» ақпарат агенттігінің ақпаратына сенсек, Ақ үй басшысы Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен кездесіп, АҚШ-тың әскери базасына соққан. Іссапар барысында Трамп аймақтағы тәліптермен келіссөздер қайта жанданғанын хабарлады. Айта кетейік, бұған дейін біраз уақытқа созылған АҚШ – Талибан келіссөзі сәтсіз аяқталған болатын. Келісімге сай АҚШ тарапы 135 күннің ішінде Ауғанстандағы сарбаздарын елден шығаруы тиіс еді. Осылайша, тараптардың уағдаластығы әлі де күшіне енген жоқ.

***

Иракта халықтың жаппай ереуілдері басылар емес. Осы жолы елдің оңтүстік өңіріндегі тұрғындар қайта бас көтерді. Тәртіп сақшылары мен ереуілшілердің қақтығысынан 14 адам көз жұмды. «Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ашуға бой бергендер Наджаф провинциясындағы Иран консулдығының ғимаратын өртеп жіберген. Наразы халық елде белең алған жұмыссыздық пен жемқорлыққа қарсы. Халықтың денсаулық сақтау саласына да көңілдері толмайды. Айта кетейік, осыдан екі ай бұрын басталған ереуілдерден жүзден астам адам мерт болды.

https://astana.fm/ru/archive/programs/adebi-sazdy/zhanalyqtar/1052451