Биылғы он айда отандық автоөндірушілер 62 мыңға жуық көлік құрастырған

Бірқатар өңірлерде коронавирустың жаңа жағдайларын жасыру дерегі анықталды. Бұл жөнінде коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылданған шаралар толық жүзеге асырылмай отыр. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
***
Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, медициналық статистиканы бағалау және талдау жөнінде кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарының толық дайын болуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұл әскери медицинаға да тікелей қатысты. Себебі олар індетпен күресу үшін шұғыл күш жұмылдыруға және құралдармен жабдықтауға дайын болуы тиіс,-деді Президент.
***
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғасатынын атап өтті. Мемлекет басшысы санитарлық талаптар мен шектеу шараларының сақталуына компания басшыларының және бизнес иелерінің жауапты екенін еске салды. – Ата-аналар шыдамдылық танытып, қазіргі ахуалға түсіністікпен қарауы керек. Осындай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасып отыр. Біз білім сапасының төмендеуіне жол бермеуіміз қажет. Оқыту нәтижесіне мониторинг жүргізіп, білім саласындағы олқылықтарды жою үшін уақтылы шаралар қабылдау керек. Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп, шектеу шараларына қарамастан, білім сапасын бақылауды күшейтуді тапсырамын, – деді Президент. Сөз соңында Мемлекет басшысы барша азаматтарды тәртіпті қатаң сақтауға, уақытша шектеу шараларына түсіністік танытуға шақырды.
***
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика сары аймақта тұр. Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы инфекция таралу қаупі жоғары қызыл аймақта. Орташа қауіпті сары аймаққа - Павлодар, Ақмола, Қостанай өңірлері, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары кірген. Қалған өңір салыстырмалы түрде инфекцияның таралу қаупі төмен жасыл аймақта. Министрдің айтуынша, КВИ-ге шалдыққандар саны артқан жағдайда, халыққа сапалы және уақтылы көмек көрсету үшін медициналық ұйымдар 71 мың төсек-орын дайындап отыр. Азаматтарға үйде медициналық көмек көрсету үшін көшпелі мобильді бригадалар дайындалды. КВИ-мен ауыратын науқастарға консультациялық көмек көрсету үшін өңірлік және республикалық сараптамалық топтар құрылды, өңірлік Call-орталықтардың және 1406 бірыңғай байланыс орталығының жұмысы күшейтілді,-дейді министр.
***
Сонымен қатар, коронавирусқа қарсы шаралар жөніндегі кеңесте белгілі болғанындай, елімізде 986 оқушы індет жұқтырған. Оның 288 і кезекші сыныптарда оқитын балалар арасында тіркелген. Байланыста болған 3 122 адам анықталды, олардың 33-і вирусқа шалдыққан. Ал індет жұқтырған қалған 698 бала қашықтан оқиды. Осылайша, онлайн оқитын оқушылар арасындағы сырқат деңгейі жоғары болып отыр.
***
Қазақстандықтардың қандай көлік маркаларын жиі сатып алатыны белгілі болды. Биылғы он айда отандық автоөндірушілер 62 мыңға жуық көлік құрастырған. Ал осы кезеңде 52 988 көлік сатылған. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» одағының мәліметінше, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 53,7 пайызға көп. Есепті кезеңде Қазақстанда құрастырылған жеңіл көліктердің арасында Lada, Hyundai, Ravon, Chevrolet және KIA маркаларына сұраныс жоғары. Ең көп сатылған автомобиль қатарында Lada Granta (6634), Ravon Nexia R3 (5726), Hyundai Tucson (3795), Lada Vesta (3531) және Hyundai Accent (3443) көліктері бар.