Астана - 101,4FM

Алтай Көлгінов: Газ баллоны жарылысынан қаза тапқан қыздың отбасына көмек көрсетіледі

Алтай Көлгінов: Газ баллоны жарылысынан қаза тапқан қыздың отбасына көмек көрсетіледі

Елордада дәмханадағы газ баллоны жарылуы салдарынан қаза тапқан қыздың отбасына көмек көрсетіледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды. Бүгін қала дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, салдарынан 1 адам қаза тауып, 33 адам зардап шекті. Түрлі дене жарақатын алған олардың барлығы жедел жәрдем қызметімен қала ауруханаларына жеткізілді. Бейінді мамандар, дәрігерлер зардап шегушілерге толықтай медициналық көмек көрсетуде. Барлығы 22 бригада жұмылдырылған. Ал, құтқарушылар 15 баллонды алып шығып, бір адамды аман алып қалған. Елорда әкімі газ баллон жарылған кезде бөлмеде болған қыздың отбасы мен туыстарына көңіл айтып, марқұмның отбасына көмек көрсетілетінін жеткізді. Төтенше жағдайды тергеу үшін арнайы комиссия құрылды. Жедел штаб құрылып, психологиялық және ақпараттық қолдау көрсету үшін 24-51-71, 24-51-47 жедел желісі іске қосылды. Сонымен қатар, қала басшысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментіне қаладағы басқа да қоғамдық тамақтану нысандарын өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексеруді тапсырғанын атап өтті.

*****

Елордада сауда орталықтары сенбі күні жұмыс істейтін болды. Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пралиеваның жаңа қаулысына сәйкес, сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері санитарлық-профилактикалық іс-шараларды қатаң сақтай отырып, 30 пайыз толымдылықпен жұмыс күндері сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін және сенбі күні сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс жасауына рұқсат берілді. Ал, жексенбі және мереке күндері жабық болады. Бұл ретте көрсетілген объектілерде және олардың аумақтарында орналасқан аттракциондардың, балалар ойын алаңдарының, ойын орталықтарының, кинотеатрлардың, фудкорттардың жұмысына қатаң тыйым салынады.

*****

Түркістан облысында карантин талаптарын бұзудың 5500-ден астам дерегі анықталып, 4 370 азаматқа айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Алайда облыс тұрғындарының арасында ережені елемей, той жасап жүрген азаматтар азаймай отыр. Мәселен, полиция қызметкерлері тексеру барысында Арыс қаласында орналасқан тойхананың жұмыс жасап тұрғанын анықтады. Бұдан басқа Келес ауданының тұрғыны үйіне таныстарын, туыстарын жинап “Беташар” жасап, карантин талаптарын өрескел бұзған. Сондай-ақ шардаралықтар да той жасаудан қалысар емес. Қазіргі таңда осындай әрекеттермен карантин талаптарын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті мекемеге жіберілді.

*****

Солтүстікқазақстан полицейлері ауа райының қолайсыздығы мен көктайғаққа байланысты жүргізушілерді қырағылыққа шақырады. Аймақтық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, 18 қарашадан бастап күн сайын облыста 450-ден астам сақшы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына қатысуда. Тек соңғы екі күнде өңір бойынша 1241 жол ережесін бұзу фактілері анықталды. Жергілікті полиция қызметі рейдтердің ертең де жалғасатынын хабарлады.