Астана - 101,4FM

Түркістан облысында дәрігерлер марапатталды

Түркістан облысында дәрігерлер марапатталды
  • Қытайлық Alibaba компаниясының акциялары арзандады.
  • Түркістан облысында COVID-19 індетімен күресте ерекше көзге түскен дәрігерлер марапатталды.
  • Дінбасылар вакцинаның адал екенін растайтын куәлік талап етті.

Биыл еліміздегі ақылы жолдардан 6 миллиард теңге пайда түседі. Мұндай болжамды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мамандары жасады. Мәліметтерге қарағанда 2021 жылы тағы 13 автожолда ақы алатын жүйе енгізіледі. Олардың ішінде Қапшағай - Талдықорған, Қызылорда - Шымкент- Тараз, Орынбор – Ақтөбе - Қызылорда сынды бағыттар бар. 2019 жылы ақылы жолдардан 5 жарым миллиардтан астам қаржы түсті. Оның 2 миллиарды Нұр-Сұлтан - Теміртау бағытынан, 1 жарым миллиарды Нұр-Сұлтан - Щучинск бағытынан түскен. Ведомства өкілдерінің айтуынша, әзір жолда жүру ақысын көтеру туралы жоспар жоқ.

***

Түркістан облысында COVID-19 індетімен күрес кезінде ерекше көзге түскен медицина саласының қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аймақтың бас дәрігері Марат Пашимов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына сүбелі үлес қосқан ақ халаттыларға алғыс айтты. Салтанатты шарада облыстық клиникалық аурухананың дәрігері Вячеслав Цой – үздік дәрігер, Түркістан қалалық орталық ауруханасының мейірбикесі Эльмира Сейітова – үздік мейірбике атанды. Ал, 1-ші облыстық перинаталдық орталық – үздік медицина мекемесі деп танылды. 

***

Қытайлық Alibaba мен Tencent компанияларының акциясы бірден 4 процентке арзандады. Оған АҚШ билігінің қос алпауытты қара тізімге қосамыз деген мәлімдемесі әсер еткен. Ал Нью-Йорк қор биржасы алдағы күндері аталған компанияның акциялары мұнда саудаланбайтынын жариялады. Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Дональд Трамп АҚШ азаматтарының бұл компанияларға инвестиция салуына тыйым салатын жарлыққа қол қойған. Ол Alibaba мен Tencent Қытайдың қарулы күштерімен байланысы бар деп санайды. Бүгінде АҚШ тың қара тізімінде 30-дан астам компания бар. Енді олардың қатарына тағы екеуі қосылуы мүмкін. Financial Times сарапшыларының пайымынша, екі ел арасындағы экономикалық қатынастар әлі де шиеленісе түседі. 

***

Индонезияның Ғұламалар кеңесі коронавирусқа қарсы вакцинаның адал екендігіне көз жеткізу үшін арнайы куәлік сұрап отыр. Елдегі ең жоғарғы діни ұйымның өкілдері жергілікті Азық-түлік және дәрі-дәрмек агенттігіне сауал жіберді. Әрі қарай олар ресми қорытындыны пәтуа шығаратын кеңес қарауына ұсынады. Индонезия Қытайдың «Синовак Байонтек» вакцинасының 3 миллион дозасын алдырған. Жаппай вакциналау 13 қаңтарда басталуы тиіс. Ғұламалар кеңесі 2018 жылы қызылшаға қарсы екпеге адал емес деген пәтуа шығарғанын айта кетейік. Бірақ кейбір тұрғындар қазіргі «Ковид-19» жағдайында мұндай көзқараспен келіспейтінін ашық айтып жатыр. 

***

Байдарка мен каноэ есуден Азиялық іріктеу турнирі Таиландта өтеді, деп хабарлайды Olympic.kz. Аталған құрлықтық бәсеке 11-14 наурыз аралығында өтеді деп жоспарланған. Байдарка мен каноэ есуден Қазақстан құрамасында әзірге жолдама жоқ.