Астана - 101,4FM

Сыбайлас жемқорлық жағдайы көп кездесетін мемлекеттік мекемелер

Сыбайлас жемқорлық жағдайы көп кездесетін мемлекеттік мекемелер

Президенттік жастар кадрлық резервіне кірген 2 жас «Nur Otan» партиясынан Мәжіліс депутаты болды. «Nur Otan» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде Президенттік жастар кадрлық резервіне қатысушы Тілектес Адамбеков пен Зүлфия Сүлейменова ұсынылды. Резервшілердің Мәжілістің жаңа құрамына кіруі Президенттік жастар кадрлық резерві жас кәсіби мамандарды ілгерілету және олардың әлеуметін жүзеге асыру үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналғанын тағы да бір мәрте паш етеді», - деп жазды Ерлан Қарин Telegram-парақшасында. Оның атап өтуінше, бүгінде Президенттік жастар кадрлық резервінің 300 өкілінің 168-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік кәсіпорындарда түрлі лауазымдарға жұмысқа орналасқан.

***

Денсаулық сақтау министрлігі 13 қаңтардағы ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жариялады. Кеше, яғни 12 қаңтарда «қызыл» аймақта Ақмола мен Қостанай облысы болған еді. «Қызыл» аймақтағы өңірлер бойынша бүгінгі матрица өзгерген жоқ. Ал «сары» аймақта Атырау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары бар. Қалған өңірлердің барлығы - «жасыл» аймақта. Жалпы Қазақстан аумағы коронавирус бойынша «сары» аймаққа енгізілген. 

***

Ауруханалар, полиция, жер басқармасы, орталық кеңселер, мемлекеттік балабақшалар - сыбайлас жемқорлық жағдайы көп кездесетін мемлекеттік мекемелер. Бұл туралы «Transparency Kazakhstan» ҚҚ атқарушы директоры Ольга Шиян Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жағдайының мониторингі өткен жылы күз айында жүргізілді. Республика бойынша 9 мың респонденттен республикалық маңызы бар үш қалада және 14 облыс орталығында, 164 аудан орталығында сұхбат алынды. Сонымен қатар, біз «Ашық диалог» порталынан бір жарым мыңға жуық шағымды зерттедік. Зерттеуге 200-ге жуық сарапшы, 173 дала әлеуметтанушы мен 12-ге жуық сарапшы жұмылдырылды», - деді спикер. Оның айтуынша, аймақтар бойынша сыбайлас жемқорлық жағдайымен көбінесе Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Атырау облыстарының тұрғындары бетпе-бет келген. «Бұл аймақтардағы біздің респонденттер келіссөз жүргізу қажеттілігі жиі туындайтынын хабарлады. 2020 жылдың нәтижесі бойынша сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 11,3% -ы өздерінің жемқорлық жағдайына тап болғанын хабарлады. Ауруханалар, полиция, жер басқармасы, орталық кеңселер, мемлекеттік балабақшалар - сыбайлас жемқорлық жағдайы көп кездесетін мемлекеттік мекемелер. Әйтсе де 2019 жылмен салыстырғанда респонденттердің сыбайлас жемқорлық жүйесімен бетпе-бет келу жағдайы 1 пайызға төмендегені байқалады», - деді Ольга Шиян. 

***

«Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары». Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлы осындай атаумен кітап шығарды. Туынды адамзат тарихындағы әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті тұлғаларды тәрбиелеп өсірген аналардың өмірлік тарихына негізделген. Жинақта ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан Назарбаева, РФ президенті Владимир Путиннің анасы Мария Путина, америкалық өнертапқыш Томас Эдисонның анасы Нэнси Элиот, Сингапурдың бірінші премьер-министрі болған Ли Куан Ю-дің анасы Чуа Джим Нео, Түркияның тұңғыш президенті болған Кемал Ататүріктің анасы Зубейде ханым және өзге де тарихи тұлғалардың аналары қамтылған. Сол секілді футбол тарланы Пеле, бокс жұлдызы Мұхаммед Әли, суретші Пабло Пикассо, одан бөлек Джордж Вашингтон, Шарль де Голль сынды әр санаттағы тарихи тұлғалардың аналары туралы материалдар жинақталған. Кітап Алматы қаласындағы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан 2000 данамен шығарылған және жуырда қалың оқырманға жол тартады.