Астана - 101,4FM

Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5% төмендетуіміз керек

Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5% төмендетуіміз керек

Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5% төмендетуіміз керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7-ші шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясының ашылуында айтты. Өткен сайлау саяси бәсекені арттыруға оң ықпал етті. Мәжіліс пен мәслихаттарға білікті, абыройлы адамдар келді. Бұған партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота белгілеу арқылы қол жеткіздік. Кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Сондықтан, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5% төмендетуіміз керек. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады,-дейді Президент.

***

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдау керектігін де айтты. Бізде омбудсмен институты бар. Бірақ, ол әзірге өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отыр. Біз бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн,-дейді Президент. 

***

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керектігіне де тоқталды. Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек. Депутаттар әрдайым қоғам тынысын аңғарып, тамырын дөп баса білгені жөн. Парламент – ел мүддесі үшін тер төгіп, аянбай қызмет істейтін қайнаған жұмыстың ортасы. Халқымыз бізден оң өзгерістер күтетінін әрдайым есте ұстаған абзал,-дейді Мемлекет басшысы. 

***

Екі өңір «қызыл» аймақта қалып отыр. Облыстардағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Ақмола мен Қостанай облысы «қызыл» аймақта. «Сары» аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары. Қалған өңірлердің барлығы «жасыл» аймақта.  

***

Ал бүгінгі мәлімет бойынша, елімізде 23 734 адам короновирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 6 142 пациент стационарда, 17 592 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда», - делінген ДСМ таратқан ақпаратта. Індетке шалдыққандардың арасында 285 адамның жағдайы ауыр. 76 пациенттің халі өте ауыр деп бағалануда. 47 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. 

***

18 қаңтардан бастап СҚО мектептерінде асханалар ашылады.Осылайша, дүйсенбіден бастап кезекші сынып оқушылары үшін «ыстық тамақ» ұйымдастырылады. Мұндай шешім өңірлік ведомствоаралық комиссияда қабылданған. Бұл ретте барлық санитариялық - эпидемиологиялық шаралар сақталуға тиіс. Асхананың толтырылуы бір уақытта 30%-дан аспауы керек. Асхана қызметкерлері маскаларын әр 3 сағат сайын ауыстырылып тұруы қажет. Үстелдер арасындағы қашықтық 2 метрден кем болмауы тиіс. Тамақтану аймағында тазалық жұмыстары әр сағат сайын жүргізіледі, онымен қатар бөлме жиі желдетілуі керек. Асхана қызметкерлері таңертең міндетті түрде байланыссыз термометрия арқылы тексеріледі. Тұмау белгілері бар қызметкерлер жұмыс орнына жіберілмейді.