Астана - 101,4FM

Астана радиосына 22 жыл!

Астана радиосына 22 жыл!

«ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС құрамындағы елордалық басты ақпарат құралы – «Астана» радиосы 1999 жылы 19 қаңтарда алғаш рет эфирге шықты. Сол уақыттан бері радиоарна елордамен қатар дамып келеді. Көбінесе жастар аудиториясын қамтитын Астана радиосы 22 жыл ішінде сапалы музыка және қызықты шоу-бағдарламалармен тыңдармандар жүрегінен орын алып үлгерді.

Радио мемлекеттік жастар саясатын негізге ала отырып, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-ағарту саласындағы өзекті тақырыптарды көтереді. Екі тілде хабар тарататын радиоарна тікелей эфирде күнделікті сағат таңғы 7.00-ден түнгі 1.00-ге дейін жұмыс істейді. Қазіргі уақытта эфирде ақпараттық-танымдық «Еңселі елорда», «Әлеумет тынысы», «Жаңғыру жолы», «Soyle KZ», «Медицина для всех», «Время деловых» хабарлары және «Жұлдызды елорда», «Музыкальный дождь» атты музыкалық бағдарламалары, сонымен қатар «Біздің уақыт», «Қайырлытаңцы», «Live Bar», «ТО САМОЕ ШОУ» сынды радио-шоулары жүріп жатыр.

2013 жылдың қарашасынан бастап Астана радиосы тікелей эфирде бейнекөрсетілім режимінде жұмыс істейді. 2015 жылдан бастап эфирге шығып жатқан радиоконцерт жанрындағы жобалар отандық радиолар арасында алғашқы болып саналады. Youtube желісі мен Facebook әлеуметтік парақшасында эфирдегі бағдарламаларды live форматта тамашалауға болады. Демек, қазіргі радионы тыңдап қана қоймай, көруге де болады.

«Астана» радиосының журналистері бірнеше рет жаңалықтар топтамасы үшін «Алтын Жұлдыз» сыйлығын, «Үздік радио» аталымын, «Шабыт» Халықаралық байқауының екі Бас жүлдесін және Президент Кубогын жеңіп алды. Радиоұжымның жекелеген жобалары 2 мәрте ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың Алғысымен марапатталды. Сондай-ақ, 2017 жылы журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» байқауында «Үздік аймақтық радиостанция» номинациясында жеңіске жетті.

19 қаңтарда Астана радиосының мерекелік эфирін күні бойы Youtube желісі мен Facebook әлеуметтік парақшасында тамашалауға болады. Радиода әр жылдары хабар жүргізген журналистер эфирді тізгіндеп, танымал орындаушылар өнер көрсетеді. Бағалы сыйлықтар ойнатылып, ең үздік тыңдармандар анықталады. Әлеуметтік желілерде Астана радиосының жұлдыздары жасаған флешмобы «Бізге 22 жыл» атты трендтер жинағы ретінде таралып жатыр. Елордамен қатар өскен Астана радиосы ғұмырлы болсын!