Астана - 101,4FM

Банкте ипотекасы бар азаматтарға салық жеңілдігі беріледі

Банкте ипотекасы бар азаматтарға салық жеңілдігі беріледі

2025 жылдан бастап банкте ипотекасы бар азаматтарға салық жеңілдігі беріледі. Жеке тұлғаның екінші деңгейлі банктерден алған несиесі бойынша сыйақы мөлшеріндегі салық шегерімдерін қолдануы 2025 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазіргі уақытта жеке табыс салығын есептеу кезінде сыйақыға салықтық шегерім тек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-нан, яғни «Отбасы банкінен» алған несие бойынша қолданылады.

***

Елорда әкімі Алтай Көлгінов былтыр Отбасы банкі елордада 11 мыңға жуық пәтер үлестірген болса, биыл бұл көрсеткіш артатынын мәлімдеді. «Отбасы банкінің түрлі мемлекеттік бағдарламалары – баспана мәселесін шешудің тиімді тетіктерінің бірі. Оның ішінде «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламалары да бар. Бүгін ұйым басшылығымен осы жылға арналған жоспарлар талқыланды. Әкімдік биыл жеңілдікпен берілетін пәтер санын 10 мыңға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Алтай Көлгіновтің айтуынша, пәтерді халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан басқа Отбасы банкінде кезекте тұрғандар да ала алады. Сондай-ақ осы айда «жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша 350 пәтер, жыл соңына дейін тағы 1 мыңнан астам пәтер беріледі.

***

Астана радиосына 22 жыл! «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС құрамындағы елордалық басты ақпарат құралы – «Астана» радиосы 1999 жылы 19 қаңтарда алғаш рет эфирге шықты. Сол уақыттан бері радиоарна елордамен қатар дамып келеді. Көбінесе жастар аудиториясын қамтитын Астана радиосы 22 жыл ішінде сапалы музыка және қызықты шоу-бағдарламалармен тыңдарман жүрегінен орын алып үлгерді. Радио мемлекеттік жастар саясатын негізге ала отырып, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-ағарту саласындағы өзекті тақырыптарды көтереді. Екі тілде хабар тарататын радиоарна тікелей эфирде күнделікті сағат таңғы 7-ден түнгі 1.00-ге дейін жұмыс істейді. Бүгін Астана радиосының мерекелік эфирін күні бойы Youtube желісі мен Facebook әлеуметтік парақшасында тамашалауға болады. Радиода әр жылдары хабар жүргізген журналистер эфирге шығып, танымал орындаушылар өнер көрсетеді. Бағалы сйлықтар ойнатылып, ең үздік тыңдармандар анықталады. 

***

Үндістанда қалаға жұмыс істеуге келіп, жол бойында түнеген 15 жұмысшыны жүк көлігі басып, мерт қылды. Оқиға Гуджарат штатының батысындағы Сурат қаласынан 60 км қашықтықтағы тасжолда болған. Жүк көлігінің жүргізушісі қараңғыда жұмысшыларды көрмей, үстінен жүріп өткен. Салдарынан 12 адам оқиға орнында көз жұмып, тағы сегіз адам ауыр жарақат алды.

***

Қазақстандық ауыратлет Нижат Рахимов антидопинг ережелерін бұзды деген күдікке ілініп, жарыстардан уақытша шеттетілді, - деп хабарлайды Vesti.kz Халықаралық ауыр атлетика федерациясына сілтеме жасап. Халықаралық допинг-тестілеу агенттігінің шешіміне сәйкес, Рахимов 2016 жылы допинг тексеру үшін тапсырған анализін ауыстырды деген күдікке ілінді. Сол жылы ол Рио-де Жанейрода Олимпиада чемпионы болған. Дәл сондай себеппен румыниялық ауыратлет Думитру Каптари де жарыстардан уақытша шеттетілді. Айта кетейік, екі ауыр атлет те 77 келіге дейінгі салмақта жарысады.