Астана - 101,4FM

Өткен жылы 13 мың адам қандас мәртебесін алды

Өткен жылы 13 мың адам қандас мәртебесін алды

Парламент Сенатының жалпы отырысында «2007 жылдағы ел Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндамасында атап өткендей Аталған Хаттама екіжақты және транзиттік, сондай-ақ үшінші елге/елдерден автокөлікпен жүк тасымалдауға рұқсат жүйесін енгізуді көздейді.

***

Денсаулық сақтау министрлігі 21 қаңтардағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жариялады. Қазақстанның 7 облысы «қызыл» аймақта тұр. Ол: Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары. «Сары» аймақта Алматы қаласы және Алматы облысы мен Қарағанды облысы орналасқан. Қалған өңірлер – «жасыл» аймақта. Бүгінгі матрица Шығыс Қазақстанның «сары» аймақтан «жасылға» шыққанын көрсетіп тұр. Жалпы Қазақстан халықаралық деңгейде індет қаупі жағынан «сары» аймақта.

***

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 13 мың адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Келген қандастардың жартысынан көбі Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан, Моңғолия елдерінен келген. Олар негізінен Алматы (51,3%), Маңғыстау (13,3%) және Түркістан (5,6%) облыстарында, сондай-ақ Нұр-Cұлтан (4,1%) және Шымкент (3,9%) қалаларында қоныстанды. Жалпы 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн. 700 мыңнан астам этникалық қазақ келді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

***

Бүгін ел астанасында филология ғылымдарының докторы, профессор, журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, теоретик ғалым, Намазалы Омашевтың үш томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Бұл үш томдыққа Намазалы Омашұлының жарты ғасырға жуық шығармашылық ізденісіндегі құнды зерттеулері мен өзекті көсемсөздері енді. Журналистика теоретигі, қазақ журналистика ғылымының негізін қалаушы Намазалы Омашұлының таңдамалы шығармалар жинағы қазақ журналистика ғылымының зор табысы деп бағаланып оатыр. Жинақ Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында жарық көрді.

***

Ауа райының қолайсыздығына байланысты жабылған барлық жол/көлік қозғалысы үшін ашылды. «Республикалық маңызы бар автожолдардағы қозғалыс барлық бағыттар бойынша ашық», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram парақшасында жарияланған ақпаратта. Естеріңізге сала кетсек, Солтүстік Қазақстан облысында боранға байланысты облыстық жолдарда барлық бағыт бойынша, республикалық маңызы бар «Алматы - Өскемен» тасжолының бір бөлігі жабылған еді.