Астана - 101,4FM

Түркістан облысында карантин шаралары ұзартылды

Түркістан облысында карантин шаралары ұзартылды

Алдымен еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталайық. Қазақстанда өткен тәулікте 1480 адамнан коронавирус анықталды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 178454 ке жетті. Оның ішінде 160313 адам жазылды. Күні кеше 827 науқас індеттен емделіп шықты. Осылайша, дәл қазіргі уақытта 27360 адам коронавирустан емделуде. Науқастардың арасында 311 адамның халі ауыр, 43 пациенттің жағдайы өте ауыр, 42 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған. Сонымен қатар, бүгін «қызыл» аймаққа тағы бір қала қосылды. Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, бұл тізімге Алматы қаласы кірді. Яғни «қызыл» аймақта Ақмола, Павлодар, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қаласы тұр. Ал «сары» аймақта Қарағанды мен Алматы облысы бар. Қалған өңірлер «жасыл» аймақта. Жалпы, бүгінгі матрица Қазақстанның «қызыл» аймаққа енгенін көрсетіп отыр.

***

Түркістан облысында карантин шаралары ұзартылды. Бұған дейін қабылданған шектеулер өз күшінде. Яғни, жабық базарлардың қызметі демалыс және мереке күндері тоқтатылды. Олар жұмыс күндері сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, үй жанындағы дүкендерге сағат 09.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат беріліп отыр. Ал, мал базарлары санитариялық-дезинфекциялық режимді күшейте отырып, тек сәрсенбі күні жұмыс істей алады. Сонымен қатар, алып кету және жеткізіп беру режимінде жұмыс істейтін нысандардан басқа, қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметі демалыс күндері мен мереке күндері жұмысын тоқтатады. Дүйсенбі-жұма күндері сағат 09.00-ден 23.00-ге дейін қызмет көрсетуге рұқсат берілді. Онда да санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтап, 2 метр әлеуметтік қашықтық сақталуы керек.

***

Алдағы үш жылда Қарағанды облысында жеті денсаулық сақтау нысаны салынады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың мәліметінше, ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттерге деген жоғары қажеттілік қалып отыр. Екі жыл ішінде мұндай пунктермен 31 елді мекенді қамту жоспарда бар. Осы жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысының барлық орталық аудандық ауруханалары жөнделетін болады», - деді Ержан Нұрлыбаев. Аймақ медициналық кадрлармен қамтамасыз етудің жоғары пайызын көрсетіп отыр. Биыл медициналық оқу орындарының 357 түлегі өңірде қалды. Бұл тұрғыда дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы жалғасады. Алдағы екі жылда 300-ге жуық медицина қызметкеріне пәтер берілмек.

***

Армениялық көлікті уақытша тіркеу үшін берілген уақыттың аяқталуына бір айдан сәл асатын уақыт қалды. Алайда Нұр-Сұлтан мен Ереван қай ел көлік иелерін салықтан босататынын әлі шешкен жоқ. Бұл көліктер Қазақстан аумағында жүргендіктен, ұсыныс Армения тарапына екі рет жасалған, деп хабарлайды baq.kz.

Бастапқыда келіссөз кезінде Армения премьер-министрі осы мәселені реттеуге ауызша сөз берген еді. Бірақ Әзірбайжанмен болған жанжал салдарынан іс ұзаққа созылған. Қазір Қазақстан Армения тарапынан жауап күтуде, – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары. Олардың сөзінше, мәселе әлі шешілмеді, сондықтан сары нөмірлі армениялық көлік мініп жүрген ел азаматтарының екі елге салық төлеуіне тура келеді. Еске сала кетейік, қазақстандықтар одақтас елден келген машиналарды 1 наурызға дейін тіркеуі тиіс.