Астана - 101,4FM

Елордада үйге газ кіргізу құны арзандады

Елордада үйге газ кіргізу құны арзандады

Алдымен еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталайық. Қазақстанда өткен тәулікте 1413 адамнан коронавирус анықталды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 182530 ға жетті. Оның ішінде 164319 адам жазылды. Күні кеше 1163 науқас вирустан емделіп шықты. Осылайша, дәл қазіргі уақытта 27348 адам коронавирустан емделуде. Індетке шалдыққандар арасында 274 адамның халі ауыр, 47 пациенттің жағдайы өте ауыр, 34 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған. Сонымен қатар, эпидемиологиялық ахуал бойынша елдің алты облысы мен екі қаласы әлі де «қызыл» аймақта тұр. Бүгінгі матрицаға сәйкес, бұл тізімде Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қаласы бар. Ал «сары» аймақта тек Қарағанды облысы қалды. Қалған өңірлер, атап айтқанда 7 облыс пен 1 қала – «жасыл» аймақта. Жалпы, Қазақстан аумағы «қызыл» аймақта орналасқан.

***

Ал осы «қызыл» аймаққа кірген Алматыда карантин күшейтілді. Қаланың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, жұмыс күндері сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен сауда желілері сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін ғана ашық болады. Ал демалыс күндері олардың жұмысына мүлде тыйым салынды. Сенбі, жексенбі күндері жабық базарлар жұмыс істемейді. Олардың қызметіне жұмыс күндері сағат 17.00-ге дейін рұқсат етілді. Қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметіне 9:00-ден 20:00-ге дейін рұқсат. Тек толымдылық деңгейі 50% аспауы қажет. Сонымен қатар, 1-ақпаннан бастап мәдени нысандар, театр, кинотеатрлар қайта жабылады.

***

Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы 8500-ден астам медицина қызметкеріне вакцина жасау көзделуде. Өңірге 651 мың доза екпе әкелінеді деп жоспарланып отыр. Екпеге дайындық шеңберінде қалалық көпбейінді ауруханада 15 текше метрлік тоңазытқыш модулі орнатылады. Қосымша 30 қаңтарға дейін вакциналарды тасымалдау үшін 30 термоконтейнер жеткізіледі. «Медсервис» ЖШС мәліметі бойынша 1 мың доза көлеміндегі алғашқы вакцина тобы бірер күнде келеді. Егу жұмыстарын қалалық, аудандық ауруханалар, соның ішінде жеке емханалардағы 26 кабинетте арнайы дайындалған қызметкерлер жүргізеді.

***

Павлодар облысына коронавирусқа қарсы вакцинаның 80 мың дозасы бөлінеді. Өңірде алдымен 9 мыңға жуық медицина қызметкеріне екпе салынады, - деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің айтуынша, вакциналауды жүргізу үшін медицина қызметкерлері оқытылды. Бұл жұмыспен өңірде 1125 маман айналыспақ. Ақпанда алғашқы болып жеткізілетін вакцина медицина қызметкерлеріне егіледі.

***

Елордада үйге газ кіргізу құны арзандады. Қала әкімдігі монтаждау жұмыстарының құрылысына маманданған жеке ұйымдармен бірнеше рет кездесу өткізді. Бұл туралы өзінің Instagram парақшасына елорда әкімі Алтай Көлгінов жазды. Шаһар басшысының айтуынша, арнайы ұйымдар көгілдір отынды үйге кіргізіп беру ақысын 30%-ға дейін арзандатты. Тұрғындар кез-келген мамандандырылған компанияны таңдауға құқылы. Есептегіштердің өздері азаматтарға тегін беріледі, - дейді әкім. Оның сөзіне қарағанда, қаланы газдандыру үш кезең бойынша жүргізіледі. Биылғы жылыту маусымында Железнодорожный, Көктал-2, Агроқалашықтың бір бөлігі газға көшіріледі. Сонымен қатар, Көктал-1, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде,- дейді Алтай Көлгінов.