Астана - 101,4FM

Елордада эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр

Елордада эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр
  • Елордада эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр.
  • Биылдан бастап ЖОО түлектеріне мемлекеттік үлгідегі диплом берілмейді.
  • Алматыда үлкен бокс кеші өтеді.


Биылдан бастап ЖОО түлектеріне мемлекеттік үлгідегі диплом берілмейді. Яғни әрбір университет студенттің білім алғанын растайтын құжатты өз қалауы бойынша жасайды. Ал жұмыс беруші өздері мойындамаған университеттің түлегін жұмысқа қабылдамауға хақы бар. Көзге үйреншікті көк немесе қызыл дипломдар енді болмайды. Түлектің жоғары білімді екенін растайтын құжаттың мазмұны, түсі мен көлемін университет басшылығы өзі таңдайды және жасайды. Бұл жоғары оқу орындарының арасындағы бәсекелестікті күшейту үшін жасалған. Айта кету керек, өзіндік үлгідегі диплом жасау ішкі істер, қорғаныс және медицина университеттеріне қатысы жоқ. Сондай-ақ колледж түлектеріне де мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі.

***

Елордада эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Қала әлі де «қызыл аймақта», деп хабарлайды «Хабар 24». Соған қарамастан кәсіпкерлер карантин ережелерін бұзуын тоқтатар емес. Тұрғындар да тыйым салынған уақытта кафе, мейрамхана аралап, денсаулықтарына қауіп төндіріп жүр. Өткен тәулікте Есіл ауданы бойынша бірнеше заңбұзушылық тіркелді. Тамақтану орындары кешкі сағат 8-ден кейін жұмысын жалғастырып, келушілерге қызмет көрсеткен. Полицейлер көңіл көтеру орындарына қатаң шара қолданды. Ережені бірнеше мәрте бұзған компьютерлік клубтарға қомақты айыппұл салынды. Сот шешімімен 12 көңіл көтеру орнының басшылары жазаланды. Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша мұндай нысандар 20.00-ден кейін жұмыс істемеуі шарт. Заңды тұлғаларға 600 мың, ал азаматтарға 87 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

***

Венгрия үкіметі коронавирус індетіне қатысты қабылданған шектеулердің мерзімін наурыздың біріне дейін ұзартты. Елде коменданттық сағат жарияланған. Маска тағу мен әлеуметтік арақашықтықты сақтау міндетті. Дәріханалар мен жанар-жағармай құю бекеттерінен өзге сауда орындары кешкі сағат жетіге дейін жұмыс істейді. Дәмханалар тағамды жеткізіп беру қызметін ұсынуда. Бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынған.

***

Қытай халқы ел ішінде көшіп-қонуды бастады, деп хабарлайды «Хабар 24». Қалың адам толассыз сапарлайтын бұл мезгілді жергілікті жұрт «Чуньюнь» деп атайды. Мұндай көші-қон науқаны 40 күнге созылады. Аталған дәстүр айтізбе бойынша келетін жаңа жылмен байланысты ұғым. Биыл Қытайда жыл 12 ақпанда басталады. Әдетте бұл мереке отбасында жақындармен бірге тойланады. Сондықтан жүздеген миллион адам ірі қалаларды тастап, аймақтар мен ауылдарға барады. Осылайша, 28 қаңтардан басталған қалың нөпір 8 наурызға дейін ел ішін аралайды. Қытайдың Көлік министрлігі елдегі эпидемиологиялық қиын жағдайға байланысты тұрғындарды үйден шықпауға шақырған. Тіпті кейбір провинцияларда басқа өңірден келгендерден ПТР-тестінің теріс нәтижесі талап етіліп жатыр.

***

27 ақпанда Алматыда MTK Fight Night кәсіпқой бокс кеші өтеді. Басты жекпе-жекте Қамшыбек Қоңқабаев пен Жәнібек Әлімханұлы жұдырықтасады, деп хабарлады prosports.kz. Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев ұлыбританиялық Стивен Уордпен қолғап түйістіреді. Ал Жәнібектің қарсыласы әзірге белгісіз. Бұдан бөлек, дәл осы күні MTK Kazakhstan менеджерлік компаниясы атынан кәсіпқой шаршы алаңда өнер көрсететін Абай Төлеш, Талғат Шайкен, Әли Балоев, Нұрдос Төлебай, Нұртас Әжбенов, MTK Global Kazakhstan Golden Contraсt ауқымды жобасының жеңімпаздары Торғынбек Әміров пен Нұрбол Сұлтанбай жекпе-жекке шығады.