Астана - 101,4FM

Салық төлеушілер мобильдік қосымша арқылы қарызы бар-жоғын біле алады

Салық төлеушілер мобильдік қосымша арқылы қарызы бар-жоғын  біле алады

Каспий теңізінде қазақстандық балықшыларға шектеулер болмайды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқылау кезінде айтылды. « Балықшылардың мүдделері қорғалады, яғни Каспий теңізінде біздің балық аулау аумағы ұлғаяды. Сонымен қоса, балық аулау кеңістігі пайда болып отыр, ол он миль төңірегінде болады. Заңда балық аулауға, теңізге шығуға тек қана күннің жарық кезінде рұқсат берілсе, осы құжаттың аясында өзгеріс енгізіліп, балық аулайтын теңіз құралдарына түнгі уақытта да жүруге рұқсат берілмек», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов.

*****

4 ақпандағы мәлімет бойынша, елде 27 886 адам короновирустан емделуде. Оның ішінде 5 799 пациент стационарда, 22 087 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. • 259 адамның жағдайы ауыр; • 57 адам аса ауыр халде жатыр. 53 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған. Ал коронавирус белгілері бар пневмониядан 2 адам көз жұмды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды.

*****

Сәрсенбі күні ел аумағына Корея, БАӘ, Мысыр, Түркия, Беларусь және Өзбекстан елдерінен 9 халықаралық әуе рейсі ұшып келді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен мәлім еткендей, өткен тәулікте жалпы 1 143 жолаушы ұшып келген. Оның 896-сында коронавирусқа ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтама болған. Қалған 247-сі анықтамасыз келді. Олар - ел азаматтары. «Анықтамасы жоқ азаматтар / келген жерлері бойынша COVID-19-ға ПТР-талдау әдісімен тестіленді және карантиндік стационарларда өз нәтижелерін күтуде», - делінген ақпаратта.

*****

Павлодар облысында 30 жолаушы мінген автобус аударылды. «Екібастұз қаласындағы Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бірінің жүргізушісі №120 маршруты бойынша «Вольво» автобусын айдап келе жатып, Южная бекеті маңында рульге ие бола алмай қалып, жыраға құлап кетті. Автобуста 30 адам болған, барлығы ЖШС жұмысшылары», - деді Павлодар облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшы орынбасары Қуаныш Мұстафинов. Жолаушылар мен жүргізуші дін аман. Кейінірек жолаушыларға басқа автобус ұсынылды. Автобус арнайы айыптұраққа қойылды. Тексеріс жүріп жатыр делінген ақпаратта.

*****

Салық төлеушілер «e - Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы арқылы қанша қарызы бары туралы мәліметті ЖСН жазу арқылы білуге болады. Сонымен қатар артық төлемі болған жағдайда ол ақшаны қайтарып алуға, мүлік, жер және көлік құралдары бойынша мәліметтерді көруге, егер қате ақпараттар болса бірден түзетуге болады. Қосымшада Салық әмияны, Жиі қойылатын сұрақтар, Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы мәліметтер жинақталған. Биылдан бастап Салық әмиянында Қызметкердің еңбекақысы туралы мәліметтерді көруге болатын қызмет те іске қосылды. 1 ақпандағы мәлімет бойынша «e - Salyq Azamat» мобильдік қосымшасын 228 мыңнан астам адам пайдаланады.