Астана - 101,4FM

Елордада «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды

Елордада «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды

Қазақстан тумасын АҚШ бас банкінің реттеуіші етіп тағайындамақ. АҚШ президенті Джо Байден Корнель университетінің банк құқығы профессоры, Қазақстанның тумасы Сәуле Омарованы АҚШ-тағы банк секторының негізгі реттеуіші - Ақша айналымын бақылау басқармасының басшысы етіп тағайындамақ. Бұл туралы Bloomberg жазды. Басылымның мәліметінше, Омарованың ресми кандидатурасы осы аптада ұсынылуы мүмкін. Егер ол осы қызметке бекітілсе, Қазақстан тумасы 1863 жылы негізі қаланған банк реттеуішін басқаратын алғашқы әйел болады. Ақша айналымын бақылау басқармасы – бұл АҚШ Қаржы министрлігінің тәуелсіз бөлімшесі. Реттеуіш 1200 триллион долларлық активтері бар 14 банкті бақылайды, бұл АҚШ-тың банк жүйесінің барлық активтерінің үштен екісін құрайды. 

*****

Биыл Қазақстанда 5 мың есірткі қылмысы анықталды. Бүгін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының елдегі есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты тапсырмасын орындау бойынша арнайы кеңес өткізді. "Өкінішке орай, жаңа синтетикалық есірткінің негізгі тұтынушылары – жастар. Тек осы жылдың өзінде елімізде 8,5 пайыз өсіммен 5 мың есірткі қылмысы анықталды. Бізге бұл бағытта күресу үшін жүйелі шаралар қажет", - деп атап өтті Ералы Тоғжанов. Құқық қорғау және салалық мемлекеттік органдарға осыған қатысты бірқатар тапсыма берілді. Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министрдің орынбасары елдегі есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы жүйелі шаралар әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруды тапсырды. 

*****

Нұр-Сұлтанда «Жомарт жүрек» сыйлығының қалалық кезеңінің лауреаттары марапатталды. Сыйлық еліміздегі қайырымдылық саласының дамуына бей-жай қарамайтын жандарды іздеу және көтермелеу мақсатында тағайындалған. Айта кету керек, «Жомарт жүрек» сыйлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Лауреаттар бірнеше номинация бойынша марапатталды. «Жыл ұйымы» номинациясына «Нұр Әлем Қазақстан» қоғамдық қайырымдылық қоры лайық деп танылды. Қор жұмыс істеген 12 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық көмек көрсетіп келеді.