Астана - 101,4FM

Қараусыз қалған жануарлар үшін иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады

Қараусыз қалған жануарлар үшін иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады

Қарағанды облысында екі көлік соқтығысып, үш адам қаза болды. Жол-көлік оқиғасы Абай-Шахтинск тас жолында Агрогородок аулының маңында болды. Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген суреттер тарады. Алдын ала мәліметтер бойынша, 19 жастағы жүргізуші басқарған Lada Priora автокөлігі қарсы бағыттағы жолаққа шығып, "Нивамен" соқтығысқан. Апат салдарынан Lada Priora көлігінің 18 жастағы жолаушысы мен "Ниваның" 52 жастағы жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Екі жүргізуші, Lada Priora көлігінің тағы екі жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі, 18 жастағы жігіт ауруханада қайтыс болды. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. 

*****

Қараусыз қалған жануарлар үшін иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 406, 408-баптарында қарастырылған. Аталған баптар елорда аумағында қараусыз қалған малды жаю фактісін анықтау жағдайларына қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Айта кетейік, жануар иесінің жеке басы және мән-жайы анықталғанға дейін қараусыз қалған ауыл шаруашылығы жануарлары Нұр-Сұлтан қаласы, Алаш тас жолы, 72 мекен-жайында ұсталатын болады. Жануарларды иесіне қайтарған кезде иесі сол аралыққа дейінгі шығынды өтеуі тиіс. Бұл шаралар қараусыз қалған жануарлардың салдарынан болған жол-көлік оқиғаларының, сондай-ақ малды ұрлау мен заңсыз өткізудің алдын алуға мүмкіндік береді.

*****

Қазақстандық ауыр атлет Рахат Бекболат әлем чемпионы атанды. Ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Дүбірлі дода Сауд Арабиясының Джидда қаласында 3 және 12 қазан аралығында өтуде. Рахат Бекболат 102 келі салмақта сынға түсті. Қоссайыстың қорытындысында Рахат 355 келіні бағындырды. Одан кейінгі орындарға түркиялық Танер Чаглар мен ирактық Аммар Рубайави Али қол жеткізді. Айта кетейік, Рахат 2019 жылы Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласында жəне Ташкентте өткен Азия, Лас-Вегастағы әлем чемпионаттарында алтын медальдарды иеленген. Ол 16 жасында Əлем рекордын орнатып, Азияның «үздік спортшысы» номинациясының иегері атанған.