Астана - 101,4FM

Астанада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр

Астанада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр

Мемлекет басшысы құқықтық тәртіп органдары басшыларымен кездесу барысында елде заңдылықты сақтауды, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін көтеруді қамтамасыз етуді тапсырған. Сонымен қатар «Заңдылық және тәртіп» қағидасы қазақстандық қоғамның идеологиялық, саяси жолсілтемесі болуы тиіс деп атап көрсетті. Осы ретте құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидасын нығайту, көшелер мен басқа қоғамдық орындарда тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында 20-30 қараша күндері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Оған жергілікті атқарушы органдар, «AMANAT» партиясының өңірлік филиалдары, ҮЕҰ-дар, жастар қозғалыстары, қоғамдық пікір көшбасшылары, волонтерлер мен құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылым мүшелері қатысуда.


«Рейдтер барысында учаскелік инспекторлар өзінің әкімшілік аумағында ішкі істер органдарында есепте тұратын тұлғаларды жіті тексеруге алады және елорда тұрғындарының арасында ұсақ құқықбұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын насихаттайды. Елордалық тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзбау керектігін ескертеді. Құқықтық тәртіп бұзылған жағдайда полицияға немесе 102 нөміріне дереу хабарлауыңызды сұраймыз. Тағы бір айта кетерлігі, осы іс-шара барысындағы жұмыстар басқа күндері де ұдайы жүргізілетінін, тек осы онкүндікте ол күшейтіле атқарылып жатқанын еске саламыз», - дейді Сарыарқа аудандық ПБ жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы, полиция подполковнигі Бейбітжан Әріпжанов.


Ал Сарыарқа ауданы әкімдігі аппаратының бас маманы Данияр Хисматуллиннің айтуынша, осы алдын алу іс-шарасы басталғалы бері 4 күнде 500-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық фактілері тіркеліпті. Оның ішінде вандализм бойынша 5 факт, ұсақ бұзақылық бойынша 4 факті анықталған.


Рейдке қатысушылар алдымен Гете - Біржан сал көшелерінің маңайында вандализм, қайыр тілеу, жеңгетайлық, ішімдік ішу, қоғамдық орындарда темекі шегу, бөтен біреудің мүлкін қасақана бүлдіру, елге ортақ орындарды ластау сынды құқық бұзушылық фактілері бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізді.


Одан әрі аталған топ Қарасай батыр көшесімен бойлай ел ішінде «Арман шағын ауданы» аталатын қала бөлігіне барып, интернет алаяқтықтан сақтану, отбасылық-тұрмыстық қатынастардың бұзылуы, тыныштықты бұзу, қоғамдық мүлікті бүлдіру бойынша құқықбұзушылықтарға орай профилактикалық жұмыстар өткізді.


30 қарашаға дейін созылатын аталған іс-шара аясында жергілікті басқарушы органдар мен кезекші бөлімдердің бейнебақылау камералары жүйесін пайдалана отырып, адамдар көп шоғырланатын орындарға, автобус аялдамаларына, қоғамдық көлікке және тағы басқа орындарға тұрақты визуалды бақылау күшейтілді.