Астана - 101,4FM

Астанада Ілияс Жансүгірұлының шығармаларын оқудан сайыс өтті

Астанада Ілияс Жансүгірұлының шығармаларын оқудан сайыс өтті

Қазақтың суреткер ақыны, жазушы, драматург Ілияс Жансүгірұлының туғанына биыл – 130 жыл. Осыған орай Астанада «Хақ сөйле, қызыл тілім, адал сайрап» атты мәнерлеп оқудан қалалық сайыс өтті.

М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында өткен іс-шараны қалалық әкімдіктің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығы ұйымдастырды.

«Ілияс Жансүгірұлы айтқандай, жастардың қаруы – оқу, білім. Сондықтан да сіздер білімді болыңыздар, оны үздіксіз жетілдіре беріңіздер. Осындай іс-шараларға үнемі белсенді түрде қатысып тұруға шақырамын. Ал бүгінгі сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін!» - деді «Руханият» КММ басшысы Әділ Орынбасарұлы.

Іс-шараның мақсаты – қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қазақ әдебиетінің барлық жанрында қалам тербеген біртуар тұлға, І.Жансүгірұлының шығармашылық мұраларын зерделеу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақынның поэзия мен драмалық шығармаларын насихаттау арқылы талантты жастарды қолдау және халыққа таныту.

Сайыста 16 мен 35 жас аралығындағы 25 қатысушы өз өнерлерін ортаға салды. Олар ақынның шығармаларын нақышына келтіріп, мәнерлеп оқудан бақ сынады. Байқау соңында әділқазылар алқасы жеңімпаздарды арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапаттады.