Астана - 101,4FM

Астанада Art Sport бағдарламасына қатысты мәселе тағы қозғалды

Астанада Art Sport бағдарламасына қатысты мәселе тағы қозғалды

Астана қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Қанат Алин «Damubala» (бұрынғы атауы Art Sport) бағдарламасының орындалуы барысына күмән келтірді. Оның айтуынша, сапалы спорттық нысандар салуды қаржыландыру жағы ақсайды. Сонымен қатар барлық санаттағы балаларды спорттық үйірмелермен қамтуда қаражаттың тиімді жұмсалу мәселесін көтерді.  


«Бұл бағдарлама спорттық және шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландырады. Оның ішінде мені спорт секцияларын қаржыландыру мәселесі қызықтырады. Өйткені бұл салаға қатысты сұрақтар бар», - деді Қанат Алин қоғамдық кеңесте қала бюджетін талқылау барысында.

Кеңес мүшесінің мәлімдеуінше, қазір әр аймақтың конкурсты өз бетінше өткізуге құқығы бар. Астана күн санап дамып келеді, бұл инвесторлар үшін қауіпсіздік талаптарына сай спорт нысандарын салуға кең мүмкіндік.

Сондай-ақ спикер көптеген спорттық нысанның өрт қауіпсіздігі стандарттарға және санитарлық нормаларға сәйкес келмейтіндігін айтты.

«Әріптестеріммен бірге бюджет есебінен төленетін спорттық үйірмелерде балаларға қандай жағдай жасалғанын өз көзімізбен көруге бірнеше рет тырыстық. Бірақ бізге рұқсат берілмеді, сұрақ көп. Сондықтан Дене шынықтыру және спорт басқармасының жаңа басшылығынан бағдарламаның шартын қайта қарауды сұраймын. Қаржы барлық санаттағы балаларға теңдей әрі дұрыс бөлініп жатыр ма? Себебі бюджет резеңке емес, бізде мектеп жетіспейді, ал үшін құрылысқа қаражат жетіспейді. Күндердің бір күні бұл проблема алдымыздан шығады. Толық емес отбасылардан шыққан, мүгедектігі бар санаттағы балалардың тізімін нақты анықтау қажет. Біз осы мәселеге нүкте қойған кезде, басқа бағыттарды дамытудың мүмкіндігі туады»,
- дейді Қанат Алин.

Еске сала кетсек, Президент тапсырмасы аясында тегін үйірмелер (Art Sport бағдарламасы) алғаш елордада пилоттық жоба түрінде қолға алынды. Уақыт өте келе сұраныс күрт артып, 17 мың бала бюджет есебінен үйірмеге жазылған. Есесіне шағым көбейе түсті.


Дереккөз: inform.kz