Астана - 101,4FM

Астанада заңсыз салынған 6 нысан бойынша қылмыстық іс қозғалды

Астанада заңсыз салынған 6 нысан бойынша қылмыстық іс қозғалды

Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Қазинформның «Әкімге сұрақ» айдарында айтты.


«Өткен жылы жұртшылық наразылық білдіріп, жедел шешімді талап еткен 20-дан астам объект болды. Соған сәйкес қала жоспарына өзгерістер енгізіліп, барлық шешім тұрғындардың пікірі ескеріле отырып қабылданды. Тығыз құрылыс объектілеріне қатысты оң шешімдер бар. Осылайша 20 тұрғын үй кешенінің орнына әлеуметтік нысандар тұрғызылатын болды. Атап айтқанда, мектеп, білім беру орталықтары мен денсаулық сақтау мекемелері сияқты 8 әлеуметтік объект және 9 қоғамдық кеңістік (3 мектеп, 2 білім орталығы, 8 сквер, 1 саябақ және 3 әлеуметтік нысан) құрылысы жоспарланып отыр», - дейді әкім.


Әкімнің айтуынша, елордада рұқсат алмай, тиісті құжатсыз салынған 40-тан астам көп пәтерлі тұрғын үй анықталды. Жауапты мердігер компанияларға жұмыстарын тоқтату туралы ұйғарым беріліп, аталған субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, 6 нысан бойынша қылмыстық іс қозғалды.


«Әрбір көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің өзіндік тарихы бар. Мәселен, бір жерде үйдің жақтауы ғана көтерілсе, тағы бір жерде тек шұңқыры ғана қазылған. Кейбір құрылыс салушылар бір пәтерді 3-4 адамға сатқан сәттер де кездесті. Сол сияқты автотұрақтың пәтер ретінде сатылған кездері де болды, ал енді бір жерде мүлдем жоспарда жоқ пәтер сатылған», - дейді Жеңіс Қасымбек.