Астана еріктілері өңірлерге 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді
![Астана еріктілері өңірлерге 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді](https://cdn.qazradio.fm/2024/4/3/1712127738408.jpeg?w=750&format=jpg)
«Астана Жастары» КММ еріктілері қайырымдылық ұйымдарымен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен облыстардың тұрғындарына гуманитарлық көмек жинау акциясын бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қала бойынша 9 гуманитарлық көмек қабылдау пункті ұйымдастырылды, жиынға 30-ға жуық еріктілер ұйымы қатысады. Күн сайын 200-ден астам еріктілер қажетті заттарды сұрыптауға және жөнелтуге көмек көрсетеді. Сарыарқа, 13 көшесіндегі еріктілер пунктінде қаланың бей-жай қарамайтын тұрғындары жиналып, дәрі-дәрмек, азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық керек-жарақтарды алып келуде.
Астана қалалық еріктілер штабы төрағасының орынбасары Эльвира Есмұханованың айтуынша, 29 наурыз бен 1 сәуір аралығында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілген.
Айта кету керек, заттарды сұрыптау арнайы алгоритм бойынша жүреді:
1 санат – химия және гигиена;
2 санат – жаңа заттар;
3 санат – ерлер мен әйелдер киімдері;
4 санат – өнімдер.
Еріктілер қораптар бойынша сұрыптау арқылы заттар мен қажетті өнімдерді қабылдайды.
Заттарды жіберу кезекпен жүзеге асырылады.
Еріктілер қаржылық көмекті қабылдамайтынын ескеріңіз. Ниет білдірушілер жинау орындарына қажетті өнімдерді жинап, әкеле алады.