Астана - 101,4FM

Астаналықтар тасқын аймағына тағы 1 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді

Астаналықтар тасқын аймағына тағы 1 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді

Астанадан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 1 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді. Бүгін елордалық спортшылардың, дене шынықтыру және спорт басқармасының күшімен тағы 8 тонна гуманитарлық көмек жиналып, Қостанай облысына жіберілді, деп хабарлайды елорда әкімдігі.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит әріптестеріне қазіргі қиын жағдайда көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.

«Еліміздің бірнеше өңірінде су тасқыны болып жатыр, қазақстандық еріктілер қиын сәтте ешқашан шетте қалмайды. Көптеген отандастарымыз су тасқынынан зардап шеккендерге көмектеседі. Астана спортшылары әрқашан көмек қолын созады. Бүгін елорданың дене шынықтыру және спорт басқармасы қызметкерлері мен ведомстволық бағынысты мекемелер қызметкерлерінің қатысуымен Қостанай облысына гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр», — деді Василий Левит.

Сондай-ақ, елордалық спортшылар Илья Ильин, Василий Тахтай, Сергей Цырульников, Абзал Ажгалиев, Мерей Ақшалов, Айтым Жақыпов және каратэ федерациясының, гимнастика федерациясының өкілдері су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуде.


Гуманитарлық көмек жинау әлі де жалғасып жатыр.