Астана - 101,4FM

Елордада «Жағалау» тұрғын үй кешенін абаттандыру жобасы таныстырылды

Елордада «Жағалау» тұрғын үй кешенін абаттандыру жобасы таныстырылды

Елорданың Нұра ауданында «Жағалау» тұрғын үй кешенінің абаттандыру жобасы таныстырылды. «Киелі мекен» апталығы аясында өткен іс-шарада ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, тұрғын үй кешені ауласына 100 ағаш отырғызылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сенбілік кезінде Нұра ауданы әкімі Жүсіп Жұмағұлов тұрғындарға кварталішілік аумақты күрделі жөндеу жобасы туралы айтып берді. Биыл аудан әкімдігі 18 гектарды құрайтын аумақта абаттандыру жүргізбек. Оның аясында «Жағалауға» қарасты барлық 19 тұрғын үй ауласы қамтылады. Сондай-ақ 150 ағаш, бос жерлерге көпжылдық өсімдіктер мен көшеттер бар алаңқайлар отырғызу, 200 жарықтандыру тірегін орнату секілді жұмыстар жоспарланған.


«Абаттандыру жобасына балалар алаңдарын күрделі жөндеу, тротуар желілерін, тұрақ аймақтарын салу, ағаштармен, көпжылдық өсімдіктермен көгалдандыру және саябақты абаттандыру кіреді. Өзгерістер тек аулаларға ғана емес, Ш.Айтматов пен І.Омаров көшелеріне де әсер етеді», – деді Нұра ауданы әкімдігінің Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Ернар Мырзахан.