Астана - 101,4FM

Елордада мектеп жанындағы жазғы лагерьлер жұмысы басталды

Елордада мектеп жанындағы жазғы лагерьлер жұмысы басталды

Астанадағы Қадыр Мырза Әлі атындағы №88 мектеп-лицейінде «Ақбота» жазғы сауықтыру лагері ашылды. Жалпы, бүгін қала бойынша барлық білім беру ұйымдарында жазғы лагерьлер өз жұмысын бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сауықтыру лагерінің ашылу салтанатына қалалық Білім басқармасының өкілдері, мұғалімдер, мектептің бастауыш және 5-8 сынып оқушылары, қонақтар мен ата-аналар қатысты.

Астана қаласы Білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы Мәдина Сүлейменованың сөзінше, елордада 200 мыңнан аса бала жазғы демалыспен қамтылады.

«Бізде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмысы жыл басынан басталды. Елордада 200 мыңнан аса бала жазғы демалыспен қамтылатын болады. Жалпы, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру екі бағыт бойынша жүргізіледі – сауықтыру және жұмыспен қамту. Бірінші бағыт бойынша 97 мектеп жанындағы лагерь және оқушылардың мүдделері бойынша 75 бейіндік лагерь жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар №43 қосымша білім беру мектеп-орталығында 720 баланы қамти отырып, 3 маусым мен 23 тамыз аралығында «Ақ желкен» спорт лагері жұмыс істейтін болады», - деді Мәдина Сүлейменова.

Басқарма өкілінің айтуынша, биыл елордада мектеп жанындағы 20 этнолагерь ашылған.