Елордалық «Жастар театры» Павлодарда өткен театр фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды
Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалінде жеңімпаз атанды. Режиссер Д. Серғазиннің «Күйеу бала» спектаклін қазылар алқасы ең үздік деп танып, бас жүлдеге тігілген 1,5 млн теңге елордалық актерлерге бұйырды.
Павлодарда Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдық мерейтойына арналған «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалі өз мәресіне жетті. 11 театр, жалпы саны 288 актер қатысқан өнер додасында бегзада көрермен еліміздегі ең үздік туындыларды тамашалап, рухани ләззат алды. Мәдени майданның лебін сезінді.
Ұйымдастырушы – Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек атап өткендей, фестиваль мақсаты – қазақ театрлары арасында тәжірибе алмасып, достықты нығайту, актерлер мен көрермен арасында алтын көпір салу.
Өнер бәйгесінде Астанадан келген «Жастар театрының» бағы жанып, бас жүлдені жеңіп алды. Аталған ұжым режиссер әрі актер Дәурен Серғазиннің «Күйеу бала» драмасымен қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал, павлодарлық Аймауытов театры («Ричард ІІІ» трагифарс, режиссері С.Левицкий) Павлодар облысы әкімінің арнайы жүлдесін иеленді.
«Үздік ансамбль» номинациясына - Абай атындағы Абай облыстық қазақ музыка-драма театры («Абай айтқан Еңлік-Кебек» трагедиясы, режиссері Ж.Жұманбай), «Үздік режиссуралық шешім» номинациясына – елордалық «Жастар театры», «Үздік сценографиялық шешім» номинациясына - С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры («Қарагөз» трагедиясы, режиссері Г.Балпеисова) ие болды. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театры («Войцек» драмасы, режиссері. Ұ.Қабыл) Ж.Аймауытовтың жиеншары Павел Аймауытов тіккен арнайы жүлдеге, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры («Қазақтың тойы бітпесін» драмасы, режиссері Д.Базарқұлов) «Amanat» партиясы Павлодар облыстық филиалы ұсынған арнайы жүлдеге лайықты деп танылды.
Бұған қоса жекелей актерлердің үздік өнері де назардан тыс қалған жоқ. «Үздік эпизодтық әйел адам бейнесі» номинациясын «Ричард ІІІ» қойылымындағы Герцогина Йорк ролі үшін Аймауытов театрының актері Талжібек Атамбек, «Үздік эпизодтық ер адам бейнесі» номинациясын «Тартюф» комедиясындағы ролі үшін Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актері Қайрат Мырзаболатов жеңіп алды. Ал «Үздік әйел адам бейнесі» номинациясы «Ақан сері туралы аңыз» трагедиясындағы Бәтиманың ролін сомдаған Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Ақбота Макежановаға, «Үздік ер адам бейнесі» номинациясы «Шинель» драмасындағы ролі үшін Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актері Ислам Жақсылыққа бұйырды.
Дереккөз: inform.kz