Астана - 101,4FM

Елордада Ұлттық ұлан 700-ге жуық жас сарбазбен толықты

Елордада Ұлттық ұлан 700-ге жуық жас сарбазбен толықты

Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде жас жауынгерлер Отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі атап өткендей, әскери ант — бұл әскери қызметшінің Қарулы Күштер қатарына қосылу кезінде беретін салтанатты анты. Бұл жай ғана рәсім емес, Отанға адалдық, оның егемендігі мен қауіпсіздігін қорғауға дайын болу туралы саналы уәде.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген тепсе темір үзер жігіттер бір ай арнайы дайындықтан өткен. Енді олар бас қаламыздың тыныштығы мен көше тәртібін қамтамасыз етуге атсалысады. Ұлттық ұлан қатарында борышын өтеуге келген жас жауынгерлерді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов құттықтап, қадамдарына сәттілік тіледі. Ал құрама командирі генерал-майор Аян Есжанов жаңадан келген сарбаздардың қызметтеріне бағыт-бағдар берді.


Фото: Ұлттық ұлан