Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл

Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл

Бүгін - қазақтың ақиық ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Жұбан Молдағалиевтің (1920-1988) туған күні .

Жұбан Молдағалиев Батыс Қазақстан облысы бұрынғы Тайпақ (қазіргі Ақжайық) ауданының Жыланды деген жерінде өмір есігін ашқан.

Атақты ақынның тырнақалды туындылары Орал қаласында жарық көрді. Атап айтқанда, «Ленин тірі» атты алғашқы өлеңі облыстық «Комсомол ұрпағы» газетінде 1939 жылы жарық көрді. Сол жылы облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде (қазіргі «Орал өңірі») «Менің антым», «Кел, жолдастар, жырлайық» өлеңдері баспа жүзін көрді. Тұңғыш жинағы «Жеңіс жырлары» деген атпен 1949 жылы басылды. Содан кейінгі жылдары ақынның алпыстан астам кітабы жарық көріп, атағы жалпақ әлемге жайылды. Әсіресе, 1964 жылы «Мен - қазақпын» атты поэмасын шығаруы әдебиет әлемін дүр сілкіндірді. Сол кездің өзінде-ақ «Мен - қазақпын!» деп айдай әлемге жар салып, туған халқының өткен өмірі мен қилы тағдыры туралы тебірене жырлауы ақынның даңқын көкке көтерді. Оның қаламынан «Жесір тағдыры», «Қыран дала», «Сел», «Байқоңыр баспалдақтары» сынды поэмалар туды. Ал «Кісен ашқан» поэмасы үшін 1970 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Арада сегіз жыл өткенде КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Өлеңдері мен дастандары көптеген шетел тілдеріне аударылып, өз бағасын алды. КСРО Қорғаныс министрлігі сыйлығының лауреаты және А.Фадеев атындағы алтын медальдің иегері. Ол Ленин, екі мәртеден Еңбек Қызыл Ту және екінші дәрежелі Отан соғысы, сондай-ақ «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. 1985 жылы «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді.