Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

«Астана Опера» қазан айының соңына дейінгі бағдарламалар тізімін жариялады

«Астана Опера» қазан айының соңына дейінгі бағдарламалар тізімін жариялады

Қазан айында Үлкен зал сахнасында көрермендердің назарына Ресейдің Халық әртісі, театрымыздың балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова дайындаған ойын-сауықты балет қойылымдары, сондай-ақ гала-концерттердің тартымды бағдарламалары ұсынылатын болады. Елең еткізерлік ерекше жаңалық М.Петипа биін қойған А.Глазуновтың «Раймонда» балетінен Гран-паның алғашқы орындалуы болмақ, деп хабарлайды ұжымның баспасөз қызметі.

21 қазан сағат 19:00-де екі бөлімнен тұратын Гала-балет өтеді. Кештің бірінші бөлімінде Р.Ребек биін қойған «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінен көрініс, М.Петипа биін қойған А.Аданның «Корсар» балетінен па-де-труа, Д.Брянцев биін қойған Ф.Шопеннің «Қиялдағы бал» балетінен дуэт, Дж.Уильямстың музыкасына қойылған К.Звереваның «Жоғалған жұмақ», М.Петипа биін қойған Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де ұсынылатын болады. Үлкен зал сахнасына труппаның танымал әртістері Әйгерім Бекетаева және Бақтияр Адамжан, көрнекті жетекші солистер Әнел Рүстемова, Гаухар Усина, Еркін Рахматуллаев, талантты солистер Анастасия Заклинская, Шұғыла Әдепхан, Далер Запаров және балет әртістері Бақытгүл Испанова, Жәнібек Иманқұлов, Диас Құрманғазы, Жаксылық Сауқымбеков шығады.

Бағдарламаның екі бөлімі арасында көрермендерді музыкалық үзіліс күтеді. «Астана Опера» театрының камералық оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің басқаруымен Ж.Массненің «Таис» операсынан «Медитацияны» орындайды. Солист – Бағдат Әбілханов (скрипка). Осыған ұқсас музыкалық интермеццо алғашқы рет Қаламқас Жұмабаеваның (скрипка) және Долорес Үмбеталиеваның (фортепиано) орындауында 10 қазан күні көрермендерге ұсынылған болатын, жаңа енгізілім елордалық көрерменді тәнті етіп үлгерді.

Кеш шымылдығын «Астана Опера» балет әртістерінің орындауында неміс хореографы Р.Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» атты бірбөлімді балеті жабады. Уақыт партиясын орындайтын Арман Оразов, Бозбалалық шақ – Нәзира Заетова мен Айбар Тоқтар, Жастық шақ – Әйгерім Бекетаева мен Олжас Тарланов, Кемелденген шақ – Марико Китамура мен Рүстем Сейітбеков.

24 қазан 18:00-де театрдың Үлкен залында Гала-балет өтеді. Көрермендерді «Астана Опера» театрының жұлдызды балет әртістерінің орындауында классикалық балеттерден па-де-де, заманауи отандық және шетелдік хореографтардың миниатюралары күтеді. Халық сүйіп көретін Ю.Григоровичтің хореографиясындағы П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен Үлкен адажио және «Қызғылт түсті вальс» концерттің сәнін келтірмек.

Бағдарлама аясында «Астана Опера» сахнасында алғаш рет М.Петипа биін қойған А.Глазуновтың «Раймонда» балетінен әйгілі Гран-па орындалатын болады. Осы нөмірге арнайы театр шеберлерімен костюмдер тігілген болатын. «Раймонда» ең әсерлі және көріністілі балеттер қатарына жатады. Орта ғасыр дәуірінің сал-серілік аңыздарына негізделіп романтикаға құрылған сюжет, өзіне баурап алатын музыка мен мәнерлі хореография бұл спектакльді әйгілі композитор мен аңызға айналған хореографтың зор жеңісіне айналдырды.

31 қазан 18:00-де елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына Л.Делибтің музыкасына XX ғасырдың әйгілі хореографы Ролан Пети қойған «Коппелия» күлдіргі балеті ұсынылатын болады. Либреттосы шебер Коппелиус жасаған механикалық қуыршақты ұнатып қалған жасөспірім туралы Э.Т.А.Гофманның «Песочный человек» новелласының негізінде жазылған. Спектакльді «Астана Опера» сахнасында Р.Петидің тұрақты ассистенті Луиджи Бонино қойды. Театрдың балет әртістері мен миманс өнер көрсетеді, Сванильданың образын Әйгерім Бекетаева, Францты – Бақтияр Адамжан ашады. Коппелиустің рөлін Рүстем Сейітбеков сомдайды.