Нұр-Сұлтан - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

Рухия Байдукенова"Қазақконцерт" солистерінің қатарына қосылды

Рухия Байдукенова

 Қазақконцерт басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы «Славян базары-2021» халықаралық байқауының жеңімпазы атанған Рухия Байдүкенованы қабылдады, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы.

Жеңіс Сейдуллаұлы Рухияның өнер жолындағы жетістіктерімен құттықтап, жас әншінің алдағы жоспарларымен танысты.

«Славян базары-2021» халықаралық байқауының бас жүлдесін иеленіп, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай тамаша тарту жасаған Рухияның есімі бүгінде елімізге кеңінен танымал. Жас болса да, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген талантты қызымыздың алдағы мақсаты – отандық мәдениеттің дамуына өз үлес қосып, музыка өнерінде өз қолтаңбасын қалдыру. Рухияның осы бағыттағы маңызды қадамдарының бірі – «Қазақконцерт» солисі атануы», – деп жеткізді Жеңіс Сейдуллаұлы.

Рухия Байдүкенова Мәдениет және спорт министрлігі мен аға буын әншілерінің қолдауына алғыс білдіріп, отандық өнердің өркендеуіне үлес қосуына дайын екендігін жеткізді. «Қазақконцерттің әншісі болу – бала күнгі арманым. Роза Бағланова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов сияқты есімдері ел тарихында алтын әріптермен жазылған атақты тұлғалардың ізі қалып, Сара Тыныштығұлова, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Димаш Құдайберген сынды өнер жұлдыздары еңбек етіп жүрген өнер ордасының солисі болу – мен үшін үлкен мәртебе. Алдағы мақсатым – Қазақстанның мәдениетін және Қазақконцерттің атын әлемге таныту», – деп бөлісті Рухия Байдүкенова.