Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

FORTE TRIO ұжымы Франция еліне жасаған турнеден оралды

FORTE TRIO ұжымы Франция еліне жасаған турнеден оралды

static.365info.kz

Қазақстандық әртістер шетелдік өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. FORTE TRIO ұжымы Франция қалаларына жасаған турнені аяқтап, елге оралды. Гастрольдік сапар барысында кәрі құрлық елінің залдары көрерменге лық толып, ине шаншар орын болмаған. Концерттік бағдарлама Лион қаласындағы аты аңызға айналған «Молиере» залында тұйықталды. Бұл – әйгілі сахнада өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық топ. Концертте әлемдік саф өнердің үздік шығармаларымен қатар, қазақстандық сазгерлердің жауһарлы туындылары орындалды. Қазақстандық шоқжұлдыз, халықаралық байқаулардың лауреаты Шолпан Манкеева да шетел көрерменінің жүрегін баурай білді. Бұл дарын иесінің FORTE TRIO құрамындағы дебюті. Қазақстандық өнер ұжымның гастрольдік сапарының шымылдығын жапқан қорытынды бағдарлама Франциядағы концерттік маусымның аяқталуымен тұспа-тұс келді. Сондай-ақ бұл турне Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын айшықтайтын игі шаралардың бірі болды. Айта кетейін, «FORTE TRIO» пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Орманшиевтің жетекшілігімен өнер көрсететін қазақстандық камералық-аспаптық ансамбль. Музыканттар үштігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымның құрамында жұмыс істейді.