Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

Ұлы мұраны арқалаған батысқазақстандық күйші АҚШ-қа жол тартты

Ұлы мұраны арқалаған батысқазақстандық күйші АҚШ-қа жол тартты

Домбырашы-ұстаз, республикалық Күйшілер Одағының төрағасы Асқар Кенжеғалиев 6 ай мерзімге АҚШ-тың Техас штатындағы ең үлкен қала Хьюстонға аттанды, деп хабарлайды "Хабар 24". Үнемі ізденіс үстінде жүретін күйшінің арманы – тек өз отандастарымызға ғана емес, сонау шетел асып, жырақта жүрген қаракөздерге домбыраның қоңыр үнін жеткізу. Мұндай ой домбырашыға осыдан жеті жыл бұрын келген екен. АҚШ-та ашылған тұңғыш қазақ мектебіне 10 жылдай уақыт болды. Асқар Кенжеғалиев осы мектепте жұмыс жасайтын қандастарымызбен танысып, хабарласып, өз ұсынысын да жеткізген. Ата жұрттан жеткен мұндай сүйінші жаңалықты қандастар қуана қабыл алған. Енді, міне, Асқар Кенжеғалиев жаңа жыл қарсаңында мұхиттың ар жағына сапар шегіп, ұлттың үнін, қазақтың сазын, ұлттық аспабын аңсаған қандастарға жетпекші.  Бұған дейін ұстаз шетелдегі қаркөздерге онлайн домбыра курсын өткізген. Нәтиже жаман емес. Шетелдік шәкірттері «Біз – өмірдің гүліміз»,«Еркем-ай» сынды әндерді және «Кеңес» күйін бір ай ішінде үйренді. Сонымен қоса қызығушылықтарын ояту үшін ағылшын тіліндегі «Jingle bells» әнін домбырамен сүйемелдеп орындау туралы берілген тапсырманы тез үйренген. АҚШ-тың Техас штаты Хьюстон қаласындағы осы болашақ домбырашылар ансамблі Асқар күйшіні күтіп отыр. Өйткені күйші шетелдіктердің қолдарына сазсырнай, сылдырмақ, шаңқобыз сынды аспаптарын ұстатып, ансамбль ұйымдастырсам деген арманын орындау үшін бар білім-білігін салмақ. Айта кетейік, Асқар Кенжеғалиев БҚО Ғ.Құрманғалиев атындағы филармониясы жанындағы «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жетекшісі.