Ақтөбеде Baqytty Bala халықаралық байқауы өтеді

Ақтөбеде 9-14 тамыз аралығында «Baqytty Вala-2022» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өтеді. Әлемнің 8 елінен келген 10-16 жас аралығындағы талантты жасөспірімдер бас жүлде үшін бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың іріктеу кезеңіне 200-ге жуық өтініш қабылданды. Ресей, Өзбекстан, Түркия, Украина, Польша, Испания, Румыния, Әзірбайжан, Армения, Болгария, Африка мемлекеттерінен және еліміздің барлық қалаларынан сайысқа қатысушы үміткерлердің өтініштері қаралып, қашықтықтан тыңдау нәтижесі бойынша 20 жеткіншек ақтық мәреге жолдама алды. Жас өнерпаздардың өнерін мәдениет саласының белгілі өкілдері бағалайтын болады.Қазылар алқасының шешімі гала концертте жарияланады. Айта кетейік, Baqytty Bala – Ақтөбе облысының брендіне айналған ерекше жоба. Байқау 2018 жылы облыста «Балалар жылы» деп жариялауына орай тұңғыш рет өткізілді және жалғасын тауып ұйымдастырылып келеді.